КТК: Тағдыр тауқыметіне төзе аламыз ма?
Бақытсыздыққа ұшыратқан сезім. КТК арнасы көрерменге ой салар жаңа сериалдың түсіріліміне кірісті. «Тоғжан» атты туынды әйгілі тележүргізушінің шым-шытырық өмірі жайлы сыр шертеді. Әп-сәтте пайда болған тағдыр тауқыметіне төзе аламыз ма? Отбасының ауызбірлігін сақтау қиын ба?
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
30.09.2021
Бұл сауалдардың жауабын қараша айында арнамызда көрсетілетін хикаядан біле аласыздар.
Түсірілім тобы бұрыннан жалғасып келе жатқан кино дәстүрімен тәрелкені сындырды.
Шығармашылық топтың есімдері түгел жазылған ыдыстың тас-талқаны шықты. Осылайша түсірілімнің алғашқы күні басталды.
Бұрынғы күйеуінің кесірінен шаттыққа толы шаңырағы шайқалған Тоғжан атты кейіпкеріміздің шым-шытырық оқиғаға толы ғұмыры көрсетіледі. Алайда өзінің кәсіби таланты мен табиғи табандылығының арқасында қиындықты жеңіп шығуға тырысады.
Мадина Есманова, актриса:
- Өзінің ісіне адал. Айналасындағыларға көмектескісі келетін жақсы әйелдің образы. Өзінің кәсібін сүйетін, отбасына адал. Негізі, жақсы әйелдің образы. Тілшілеріміздің қиын жұмысын көрсете алатын жақсы жоба болады деп ойлаймын.
Бұрынғы күйеуі телеарнаның жаңадан тағайындалған продюсері Тоғжанды жаңалықтардың дикторы қызметінен босатып, рейтингі төмен бағдарламаға жүргізуші етіп тағайындап қояды. Соған қарамастан ол халықты мазалап жүрген өткір мәселелерді қозғап, бірте-бірте танымал болады. Әр көрерменнің санасына ой тастайтын бұл сериалдың түсірілімі қазір қызу жүріп жатыр.
Срайыл Смайыл, КТК Мемлекеттік тілде xабар тарату жөніндегі бас редакторы:
- КТК телеарнасының базасында түсіріліп жатыр. Бұны ерекше айтып өту керек. Телеарна тек шығармашылық тұрғыдан ғана емес, техникалық тұрғыдан да, материалдық-техникалық базасы жағынан да осындай ауқымды дүниелерді, телетуындыларды түсіруге мүмкіндігін көрсетіп отыр.
Актрисаның нақ осы образы журналистердің қиын-қыстау өмірі мен ізденімпаз қасиетін турасынан көрсетеді. 70 сериадан тұратын туындынының режиссерлік тізгінін көпшіліктің көңілінен шыққан "Жібек", "Таңдау", "Қара шаңырақ" атты сериалдарды түсірген Айдын Сахаманның өзі қолына алған. Отандық киноларда да түсіп жүрген режиссердің үміт күтетін туындысы – осы.
Айдын Сахаман, режиссер:
- Өте қызықты сценарий болғандықтан, көрерменнің жүрегінен орын табады деген үміттемін. Ең бастысы, көрерменге біздің жобамыз ұнаса деген үміт.
Жеңіл дүниеден жалықсаңыз, отандық актерлер мен актрисалар сомдаған сананы өзгертетін туындыны өткізіп алмаңыз. Сериал қараша айында КТК арнасынан көрсетіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!