{metadescription}
Талғар жұрты карьердің жабылуын ұзақ жыл талап етіп келеді
Талғар жұрты карьердің жабылуын ұзақ жыл талап етіп келеді

Талғар жұрты карьердің жабылуын ұзақ жыл талап етіп келеді

Алматы облысында тұрғындар өзен арнасынан құм-тас өндіретіндерге қарсы шықты. Талғар ауданының жұрты карьердің жабылуын ұзақ жылдан бері талап етіп келеді. Бірақ тыңдайтын адам әзірге болмай тұр. Қопарғанда шыққан шаң төбеге көтеріліп, тыныс алудан қалдық деп отыр.

Ал әкімдіктер бұқараның базынасын облыстағы басшылыққа жеткіземіз дегеннен ары аса алмады.

Талғар өзенінің арнасында тіршілік қыз-қыз қайнап тұр. Жүк көліктері  күндіз-түні құм-тас тиеп, арлы-берлі шаңдатып жүр. Құрылыс материалын ашық әдіспен өндіретін бұл карьердің жұмысына осы маңдағы қараша үзілді-кесілді қарсы. Талғарлықтар осы талаптарын айту үшін бүгін тағы жиналды.

Рүстем Біләл, Талғар қаласының тұрғыны:

- Бізді мазалайтын – карьер. Түн де ұйқы бермейді, тарс-тарс етіп. Шаң-тозаң. Кеш бойы шаң басып тұрады. Үйден бері қарай жолға шыға алмаймыз.Осы карьерді жапса. Әкімдік көмектессе, халық болғаннан кейін. Біз өзіміз үшін емес, балаларымызға алаңдаймыз.

Көптің мазасын алып біткен карьер. «Төменнен төбеге көтерілген шаң мұрынды бітеп, шыққан шу мазаны алып бітті» - дейді тұрғындар. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылдық деп шырылдауда. Жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша, шағымдануға аудан әкіміне барсақ, олар облысқа жібереді. Облыстағылар «аудан әкімі жауап береді» деп қайтарып жіберген екен.

Тұрғындардың мазасын алған екі карьер бар. Оның біреуі жабылып тынған. Ал екіншісі жұмысын әлі жалғастырып келеді. Карьердің иесі өңдеуге берілген екі жарым гектар жерді үш жылдың көлемінде аяқтаймыз деп сендірді.

Қайыр Мейірбеков,  «Берекетас» ЖШС-нің директоры:

Барлығы заңға сәйкес. Биыл жаздай екі қайтара тексеріс өтті. Бәрі келіп тексеріп, бәрін заңға сәйкес екенін өлшеп, барлығы орын-орында деп кетті.

Ал әкімдіктегілер шаң-тозаң мен шыққан дыбысқа арнайы тексеру жүргізілетінін жеткізді. «Халықтың өтінішін ескереміз» деп сендірді шенеуніктер.

Ермек Толқынов, Талғар ауданы әкімінің орынбасары:

- Аудан әкімшілігі тарапынан біз бәрібір бұл карьерлердің жұмысын немқұрай қалдырмаймыз. Осыны тоқтату мәселесі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Талғар өзенінің бойына каскад дейді, суды тоқтатып, жағалауды жақсарту бойынша жобалар қарастырылып, облысқа ұсыныстар жіберіліп жатыр.

Дегенмен ұзақ жылдан бері талабы орындалмаған тұрғындар «атқамінерлерден қайран жоқ» деп отыр. Олар енді экология министріне шағым жолдайды. Егер жауапты ведомстводан қайран болмаса, халық өзен бойын торып, техниканың жолын бөгеуге бекінген.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

22 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде