Путин Қазақстанға ресейлік АЭС салып беруді ұсынды
Путин Қазақстанға ресейлік атом электр станциясын салып беруді ұсынды. Өйткені Ресей экологияға мейілінше зиян келтірмейтін бейбіт атом энергетикасын дамытуға келгенде, серіктері мен көршілеріне көмек көрсетуге әрдайым ынталы.
Автор: Ербол Тұрымбет
30.09.2021
Ресей президенті бұл ұсынысын бүгін өткен Қазақстан мен Ресейдің 17-ші Өңіраралық ынтымақтастық форумында айтты. Онлайн өткен кездесуде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы экологиялық мәселелердің дамуын сөз етті. Әңгіме Тұран жолбарысын қалпына келтіруге келгенде қыза түсті.
Бұл кездесу былтыр Көкшетауда өтуі тиіс еді. Бірақ пандемия жоспарды өзгертіп, кездесу бір жылға шегеріліп онлайн өтетін болды. Сөйтіп қаланы жөндеуге жанталаса кіріскен жергілікті әкімдіктің жолы болды. Құрылысы бітпей, не біткен бойда қираған жағажай мен салтанатты ту тұғыры сынды нысандар ақпарат құралдарында жарияланып жатқанда облыс басшысы бүгін сол онлайн кездесуде келістіріп тұрып баяндама жасаған санаулы шенеуніктің бірі болды.
Екі ел арасындағы қатынасты сөз еткен президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында көршілерге шағымын айтып қалды. Айтуынша, шекарада 30 автокөлік бекеті бар. Оның тек бесеуі ғана бақылау-тексеру кешендерімен жабдықталған. Оның өзінде сәт сайын істен шығып жатады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Ресейдің шекара қызметі аталған мәселені қамтамасыз ету үшін көліктердің жүк бөлімдерінде «технологиялық өту» сияқты жаңа талаптар енгізді. Сол тексеру аймағында жүргізушілерді жүктерін түсіруге мәжбүрлейді. Бұл көбінесе тауарлардың бұзылуына әкеп соқтырады. Осыдан кейін тасымалдаушылар көлігінің 2/3 бөлігіне ғана жүк тиеуге мәжбүр болады. Нәтижесінде көліктердің шығыны артып, тауар бағасы өседі.
Сондықтан өткізу пункттерін заманауи тексеру кешендерімен жабдықтау керектігін айтады. Сондай-ақ экология мәселелеріне қатысты Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау мақсатында теңіздің солтүстігінде мемлекеттік резерваттар құру, киіктердің маусымдық қоныс аударуы кезінде екі елдің шекарасынан еркін өтуін қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруды ұсынды. Ресей жағы оны әлбетте қолдайтынын айтады. Путин АЭС тақырыбына арнайы тоқталып, оған аса ынталы екендігін танытып қалды.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
- Ресей өз әріптестеріне, соның ішінде Қазақстанға да атом электр станцияларын салып, іске асыруға қолдау көрсетуді ұсынады. Егер сіздер сондай шешім қабылдайтын болсаңыздар. Нақтырақ айтсақ, әңгіме ресейлік дизайндағы АЭС құрылысы туралы. Сонымен бірге толық сала қалыптастыруды да меңзеп отырмыз. Яғни Ресей жоғары оқу орындарында соған қажетті жаңа мамандарды оқытып шығарамыз.
Путиннің сөзінше, АЭС-тің зияны ауаға елеусіз ғана әрі бұл экология саласындағы табысты жоба болмақ.
Экология демекші, Қазақстан өз аумағында жолбарыс тұқымын көбейтуге ынталы. Экология министрі Серікқали Бірекешев сол сөзін айтуын айтса да, артынан Путиннің нақтылап қойған сұрағына жауап бере алмай кібіртіктеп қалғаны қызық болды. Есесіне тақырыпты президент Тоқаев тереңірек білетін сияқты. Оның айтуынша, әңгіме жыртқыш тісі ұзын келетін Тұран жолбарысы жайлы болып отыр. Бірақ 30-жылдары жоғалып кеткен тұқымды қалпына келтіруге келгенде екі президенттің пікірталасы жылдам өрбіді.
Тақырып қызу талқыланғанымен, екі тараптың да бірлесе жұмыс істеуге, әсіресе жасыл экономиканы дамытуға зор ынталы екені байқалып тұрды. Кездесу соңында қимай қоштасуы да соның дәлелі іспетті.
Келесі 18-ші кездесу келесі жылы Орынбор қаласында өтеді. Олай бекітілуі де тегін емес. Орынбордың тарихи жақындығынан бөлек тағы бір ерекшелігі бар. Қазақстан мен Ресейдің құрлықтағы 7600 шақырымдай шекарасы әлемде ең ұзын шекара саналады. Оның ішінде ең үлкен бөлігі, шамамен 2 мың шақырымға жуығы Орынбор облысымен өтеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!