Түркістан облысы: Аты жоқ ауылдағы заты жоқ мектеп ...
Түркістан облысында биыл пайдалануға берілуге тиіс мектеп құрылысы әлі аяқталған жоқ. Сондықтан әлі күнге атауы жоқ елдімекеннің оқушылары көрші ауылға қатынап оқуда. Құрылысы былтыр басталған білім ошағының тек қабырғасы қаланған.
Автор: Бек Әбиев
30.09.2021
Шенеуніктер бұған өздері жалдаған мердігерді кінәләйді. Аты жоқ ауылдағы заты жоқ мектепті тілшіміз көріп келді.
Қазығұрт ауданындағы атауы ауыл 15 жыл бұрын пайда болған. Өзбекстаннан келген қандастар өздері Атажұрт деп атап кеткен. 200-ден астам отбасы бар үлкен ауылда білім ордасы болмаған соң, былтыр жергілікті билік 100 орындық мектеп құрылысын бастаған. Жоспар бойынша қыркүйекте аяқталып, оқушылар жаңа оқу жылын осында бастауға тиіс еді. Бірақ елді қуантқан құрылыс тоқтап қалған.
Бектемір Райымқұлов:
- Істегендер ақшамызды алмадық деп айтып жатыр. Естігеніміз анық. Көрші ауылдың балдары істеген, біз айлық пұлымызды алған жоқпыз дейді. Былтыр бірінші қабатын істеді, бәрі осы жердің балалары.
Мұндағы 200-ден астам оқушы көрші Айнатас ауылындағы мектепке автобуспен қатынап оқиды. Бірақ оқудан тыс түрлі үйірмелерге көлік қарастырылмаған. Олар үш шақырым жерге жаяу қатынауға мәжбүр. Екі ортадағы жолдың жазда шаңы шығып, күз-көктемде балшыққа батып жатады. Оқушылар үлкен өзенді кешіп өтуі керек.
- Таң азанда автобус үш рет келеді, дайындық сыныбын алып кетеді енді бөліп-бөліп әкетіп жатыр, карантин болғаннан кейін. Түстегісі де сондай. Кешке таман солай әкеп берген кезде қараңғы түседі. Ертең қыста қараңғы болады. Ол кезде лайға, қарға батып, су боп келеді. Ауырады.
Білім ошағын салуға әу баста тапсырыс берген аудандық құрылыс бөліміндегілер «енді құрылысқа жауап бере алмаймыз» дейді. Себебі: құны 524 миллион теңгеге бағаланған жоба биыл облыстық құрылыс басқармасының есебіне өткен. Оның үстіне мердігерді де таңдаған облыстың өзі деп отыр.
Нұрсұлтан Медеуов, Қазығұрт ауданы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
- Бүгінде ақшасы келесі жылға өтпелі болуына байланысты, мен нақты айта алмаймын. Өтпелі болуына байланысты, егер 2022 жылы толық қаржысы қаралып жатса, онда 1-қыркүйекке береді. Толық қаржы қаралған жағдайда ғана.- Қаралмаса, біз жауап бере алмаймыз.
Ал сақалды құрылысты қадағалауға тиіс облыстағы атқамінерлер мердігерге «көк тиын да татырмаймыз» дейді. Өйткені құрылыс материалдары сапасыз, жұмысы шала дейді. Сондықтан енді мердігер компаниямен соттаспақшы. Егер іс сотқа дейін барса, биыл берілуге тиіс мектеп құрылысы келесі жылы да бітпейтін сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!