Жануарларды қорғау туралы заң тезірек қабылданса ...
Елордада иесіз қалған жануарлардың фотокөрмесі ашылды. 17 қаңғыбас итті құтқарған еріктілер бұл жобаға модельдер мен дизайнерлерді тартып, суреттерді одан сайын тартымды етуді, оған көпшіліктің назарын аударуды мақсат етіпті.
Автор: Нұрболат Досжан
04.10.2021
Фотокөрме халықаралық жануарларды қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр.
Жануарларды қорғаушылар көрмеге арқау болған иттерді Алматы көшелерінен тауып алған. Суреттерге қарасаң, төртаяқтылар бұрын көше кезбегендей көрінеді. Алайда басым көпшілігі халі мүшкіл күйде табылған. Құрылыс алаңдарын немесе жанармай бекеттерін мекен еткендер де бар. Медициналық көмек көрсетіп жарақаттарынан емдеген волонтерлар иттерге жаңа ие іздеуге де бірден кіріскен.
Ит-мысықты қорғауды желеу еткендер фотокөрме өткізу арқылы қоғамның назарын аударып, жануарларды қорғау туралы заңның тезірек қабылданғанын қалайды. Елбасы академиясы мұрындық болған іс-шара екі апта өткізіледі.
Салтанат Сүгір, Елбасы академиясының жоба үйлестірушісі:
- Жануарларды қорғау туралы заң жоқ. Ол жылдан жылға кейінге ысырылып келе жатыр. Міне, осы заңды қолдау мақсатында көрме ашылып отыр. –қараусыз қалған жануарлардың саны артып келе жатыр. Содан апат жағдайлары жиілеп кетті. Біз салдары мен себебін анықтап, күресуіміз керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!