Қызылшекарада 297 млн-ға тартылған су тоқтап, енді арыққа 87 млн бөлген
Судың да сұрауы бар. Алматы облысында жұрт 297 миллионға тартылған ауыз судың игілігін көре алмай отыр. Қызылшекара ауылын сумен қамтуы тиіс жаңа сорғы небәрі төрт айда істен шыққан. Бұл аздай, биыл елдімекенге арық тартуға 87 миллион бөлінген.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
04.10.2021
Бірақ бұл жұмысты мойнына алған компания екі ай бойы 50 метр жерді ғана қазып, істі өгізаяңға салуда.
Қызылшекара ауылының тұрғындары 20 жылдан аса тіршілік нәрінен тарығып келген. Былтыр ғана «Ақбұлақ» бағдарламасымен таза су тартылып, жұрт бөркін аспанға атып қуаныпты. Бірақ араға бар-жоғы төрт ай салып жап-жаңа сорғы күйіп кеткен. Сөйтіп халық тағы сусыз қалды.
Тұрсын Нүсіпов, Қызылшекара ауылының тұрғыны:
- Үш-төрт ай істеді де, сорғышы күйіп кетті. Ол осы күнге дейін жоқ. Міне, қанша ай болды. Үш ай болды. Күнде су жоқ.
Қазір ауыл ескі құдықпен күнелтіп отыр. Онда да тіршілік нәрі тәулігіне санаулы сағатқа беріледі. Мал мен егіннің арқасында нәпақасын тауып отырған жұрт ағын суға да жарымай келеді. Биыл оны да тартуға 87 миллион теңге бөлінген. Алайда жұмысы мардымсыз.
Құрылысбек Шыныкеев, Қызылшекара ауылының тұрғыны:
- 87 миллион. Осы қаражатқа әрең ілінгенбіз. Неше әкімшілікке барып. Ана экскаватормен биыл қазылып бітпейді. Бір дұрысырақ экскаватор алып келсе.
Ерсанат Рахметов, Қызылшекара ауылының тұрғыны:
- Екі айдан бері істеліп жатқан жұмыс, анадан анаған есептейтін болсаңыздар, ары кетсе, 50 метр ғана жер қазылды, екі айдың ішінде. Енді 87 миллион теңгені осылай талан-таражға салу керек пе? Енді бір 15-20 күннен кейін тоң түседі, ол тоқтайды, қаза алмайды, ана сылтау, мына сылтау.
Ағын судың ауылға жетуі үшін 25 шақырым жер қазылуы керек. Әрі құжат бойынша бұл жұмыс желтоқсанның біріне дейін бітуі тиіс. Ал Сүмбе ауылдық округінің әкімі тендерді ұтып алған компанияның атын да білмейтін болып шықты. Десе де олардан жұмыстың нәтижесін талап етеміз деп сендіріп отыр.
Елжан Бестібаев, Сүмбе ауылдық округінің әкімі:
- Келген экскаваторларынан ақау шығып, алып кетті, кеше қайта алып келіп, қайта басталып жатыр. Бітіруге тырысамыз. Артына түсеміз. Міндетіне алғаннан кейін бітіруге тиісті. Болмаса, заң арқылы сөйлесеміз.
Ал 300 миллионға жуық теңгеге жүргізілген ауыз суға жауапты компания бұзылған сорғының орнына жаңасын әкеліп орнатқан. Алайда екіншісі де жарты сағаттың ішінде күйіп кетіпті. Енді құрылғыны үшінші рет сатып алмақ.
Елжан Бестібаев, Сүмбе ауылдық округінің әкімі:
- Келесі аптада кран барады деп уәде берген болатын, өткен аптада. Содан кешелі бері тағы хабарластым. Ол кранды енді ертең келеді деп отыр. Кран келіп, ана күйіп кеткен сорғышты шығарып, алып барып, қайта жаңа сорғыш саламыз дейді.
Қазір Қызылшекара ауылындағы бұл мәселені прокурорлар да бақылауға алған. Олар талдау жұмысын жүргізіп жатыр. Егер су жүргізу кезінде ақша жымқыру дерегі дәлелденсе, қылмыстық іс қозғалатынын мәлімдеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!