400 адам жаңа автосалонға алданып қалған – NurAuto
Елордада алаяқтардың кесірінен 400-ге жуық адам машинасыз қалды. Олар елордадағы жаңа ашылған автосалонға алданып қалған. «Көлік сатып алып береміз» деп сендірген менеджерлер жәбірленушілерге ақшасын толық төлеткізген.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
04.10.2021
Несие алып бар қаржысын санап бергендерге енді ақша да жоқ, көлік те жоқ.
Әлібек Төлеуов, жәбірленуші:
- Бүкіл жерде автосалондарды қарадық. Ол жерлерде үш ай, төрт ай күтесің деді. Сосын «Колесо», интернеттен көрдік. Осы NurAuto бір ай, 30, 45 күн деген соң, NurAuto-ға бардық. Біз барғанда адамдар нөмірге де тапсырып беріп жатты. Кәдімгідей. ХҚКО+-на арнайы адамы отырды. Сондайларды көргеннен кейін бәріміз ойладық, рас шығар деп. Сол жерде қаншама адам жүрді. 54 миллион теңге салған кісілер жүрді. 12, 16 миллион, одан да көп салғандар бар.
Қазір көлікті сатып алуға келісімшарт жасалған автосалон жабық, есігінде қара құлып тұр. Бос кеңсені құқық қорғау орындары мөр басылған қағазбен жамап қойған.
Компания ресми түрде биыл мамыр айында ашылған. Содан бері ғимараттан адам нөпірі үзілмепті. Өйткені елімізге танымал блогерлер халықты арзан бағалы көліктермен қызықтырып жарнамалаған. Әлеуметтік желіде жасаған дүниелеріне қыруар ақша төлегендердің қазір қайда екенін ешкім де білмейді.
Алайда алданып қалғандардың сөзіне сенсек, автосалонның жауапты басшыларының бірі қамауға алынған. Полицейлер де бұл мәліметті растады. Қылмыстық іс қозғалған, бірақ нақты қандай баппен істің өрбіп жатқаны беймәлім. Тәртіп сақшылары NurAuto.kz компаниясынан жәбір көргендердің арыз жазуын сұрайды. Ал темір тұлпарсыз қалғандар елорда бойынша 400-ге жуық көлік жүргізушісінің 7 миллиард теңгеден астам сомаға алданып қалғанын айтады. Алаяқтардың арбауына түскендер арызымызға полицейлер ерте мән бергенде, бұл жағдай орын алмас еді деп күйініп отыр.
Ерболат Сұлтанбеков, жәбірленуші:
- Бірінші арыз ІІМ-не түскен, 22-сі күні. Сол кезде алаяқтардың бәрі жүрді. Сол кезде неге бәрін қамамады? Түсінбейсің. Мамыр айынан бері төрт ай күттім. Көлік жоқ. Басынан аяғына дейін жүрдім. Екі ай бұрын Берік деген қаржы директорынан «қашан келесің?» десем, күнде өтірік айтады. Алаяқтың алаяғы. Балаларымен ант-су ішкен, ақыр соңы бәрін алдап кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!