Жаңатұрмыста шу: Моланың іргесіне үй салмақшы
Моланың іргесіне үй салмақшы. Алматы облысы Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары осылай шу шығарды. Айтуларынша, осыдан екі күн бұрын зират жанындағы жерді техника әкеліп қаза бастаған. Қолындағы құжатты көрсеткен азаматтар жұмысты тоқтатпай отыр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
04.10.2021
Халық шулағаннан кейін оқиға орнына келген жергілікті әкімнің айтар өз жауабы бар. Тараптар пікірін тыңдап КТК тілшісі тыңдап қайтты.
Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылындағы жұрттың ұнжырғасы түскен. Өйткені осы маңдағы жалғыз зираттың бос жеріне өзгелер ауыз сала ма деп алаң. «Екі күн бұрын ұрын келіп қас қарайғанда трактор жерді жырта бастағанда күдігіміз расталды», - дейді.
Айтбай Жұмағұлов, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны:
- Былтырдан бері әңгіме бола бастады. Ана жақтан сатты, енді мына жақтан да сатып жатыр. Енді бұлар қаладан тақалып келді. «Малюткамен» қазып, «мынаның бәрін былай қарай жерлей беріңдер, тимеймін, оған қалғанның бәрінде жұмыстарын болмасын, ана жаққа шықсаң жаман болады» деп айтып жатыр. Сондықтан халықта түсініспеушілік бар.
Бейіт пен қазылған жердің арасы бар-жоғы 15 метр. Ал санитарлық талап бойынша қандай құрылыс нысаны болмасын, зираттан 300 метр қашықтықта орналасуы тиіс. Алайда артымыздағы мына көрініске қарап, ол заңның күші жүрмей ме деген ойда қаласың.
Жергілікті тұрғындар ұжымшар кезінде арнайы зиратқа бөлінген аумаққа көз тігу «осыдан бес жыл бұрын басталды» дейді. Халық шуынан кейін сәл тыншығанмен, мәселе әлі тұрлауын таппай тұр.
Халид Гасанов, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны:
- Бес жыл осыдан бұрын ағашқа дейін былай аумақтың бәріне біреулер сатып, әкімдіктен 12 учаскелер берген. Сонда акт қолында. Бірақ бізге «мәселені шешкен секілдіміз» деп хабарлады, сол үшін үндемей бес жыл күттік.
Зиратқа қарасты Райымбек ауылдық округінің әкімі жұрт ортасына келгенмен, мардымды жауап айтпады. Мола аумағының бір гектарына қожайынның пайда болуы оны да таң қалдырған сияқты.
Ержан Төлембаев, Райымбек ауылдық округінің әкімі:
- Біз білмейміз ғой, кезінде ол жер қалай берілді?
- Сіздерге дейін қай әкімнің кезінде болды, оны білмейсіз бе?
- Оны білмейміз. Комиссия өздері жазып, халықтың өтініштерін жазады, мен кадастр бөліміне жіберем, жер комитетіне, соны анықтау жұмысын жүргіземіз.
Комиссия осы аптада құрылғанымен, оның қорытындысы қашан шығатыны белгісіз. Қай жылы, қай әкімнің кезінде, қандай негізде бұл жердің бір бөлігін өзгеге беруін анықтауға апта емес, айлар кететіні анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!