Ұн қымбаттады, онымен бірге жұмыртқа, сүт те қымбаттайды
Еліміздің бірқатар өңірінде ұн мен макарон өнімдері қымбаттады. Бір ғана Батыс Қазақстан облысында жоғарғы сұрыпты ұнның әр келісіне алты теңге қосылған. Наубайханалар алдағы қүндері бағаны тағы көтеріміз деп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
04.10.2021
Өйткені қуаңшылық кесірінен биыл егін аз. Бидайдың аздығынан шығын орнын толтыру үшін бағаны өсіруге тура келеді дейді шаруалар. Оралдық наубайханалар нан мен макарон өнімдерін қымбаттатпақшы. Олар бағаны өсіруден басқа амалымыз қалмады деп отыр. Өйткені жоғары сұрыпты ұнның құны алты теңгеге өскен. Бұрын келісі көтерме базарда 176 теңгеден сатылған болса, қазір ең арзаны – 182 теңге.
Олег Талецкий, наубайхана директоры:
- Біздің кәсіпорын әзір бағаны көтере қойған жоқ. Бірақ мен де нан бағасын қымбаттатамын. Себебі жазда алған ұнның қоры бітті. Кеше сатып алған ұнның бағасы келісіне 187 теңгеден шықты. Ұн қымбат.
Диірмендегілер қордың аздығына алаңдап отыр. Онымен қоса қуаңшылықтан егін шықпай, сатып алуға бидай таппай отырғанын айтады. Сондықтан ұнның құнын көтерген.
Талап Сапин, нан комбинатының бөлім басшысы:
- Бидайдың бағасы өсіп тұр. 40 пайызға, 45 пайызға, 50 пайызға өсіп тұр. Біз ұнды 8 пайызға – алты теңгеге қымбаттатып тұрмыз. Және жоқ бидай. Есіңізде ме, біз қазір 8 мың тонна істеп тастауға болады. Бірақ екі айдан кейін тоқтап қаламыз.
Шенеуніктер шикізатқа сұраныс артқан сайын тауар құнының да қымбаттайтынан айтады. Онымен қоса егін шықпай, қорға жиналған өнімнің көлемі азайған. Биыл шаруалар әр гектардан небәрі 7 центрнерден бидай алыпты. Енді Батыс Қазақстан облысының шенеуніктері өзге өңірлерден, көрші елдерден бидай алдыруды жоспарлап отыр.
Денис Умашев, БҚО ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:
- Күздік бидайды екеуін қосып алғанда биыл 124 мың тонна жиналды. Орташа өнімділігі 7 центнерді құрап отыр. Өткен жылғымен салыстыратын болсақ, өткен жылы күздік бидайдан 20 центрнердің үстінде өнім алған болатынбыз. Былтырғы өнім мен биылғы өнімнің айырмашылығы әрине бидайдың өсуіне әкеліп соғады.
Бидай құны жаңа жылға таман тағы қымбаттайды дейді сарапшылар. Ұнмен қоса жұмыртқа, сүт бағасы да шарықтайтын болады. Себебі төрт түліктің жемі осы бидай кебегінен алынады.
Таисия Колегова, Республикалық бидай өңдеушілер одағының вице-президенті:
- Сарапшылар бидайдың бағасы тоннасына 150 мың теңгеге жетеді деп отыр. Себебі, нарық ойыншылары, оның ішінде ауылшаруашылығымен айналысатындар өз қорларындағы бидайды жаңа жылға дейін ұстап отырады. Одан кейін қымбатқа сатады. Бидай қымбаттаса, наннан бастап бәрінің құны өседі.
Қазірдің өзінде ұннан бөлек макарон өнімдері былтырғымен салыстырғанда елімізде 11 пайызға қымбаттаған. Онымен қоса ұн өнімдерін шығаруды наубайханадағылар азайтыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!