Марк Цукерберг 6 сағатта 6 млрд долларын жоғалтты
Алты сағатта 6 миллиард долларын жоғалтты. Марк Цукерберг компаниясы Facebook, Instagram және WhatsApp-тың аяқ астынан істен шығуынан осындай көлемде шығынға батып отыр. Ал әлеуметтік желілердің санаулы сағаттарға жұмысын тоқтатуы әлем халқын кәдімгідей әлекке салған.
Автор: Мақсат Мәлік
05.10.2021
Алайда арада алты сағат өткесін Facebook, Instagram және WhatsApp қайтадан іске қосылды. Желі қолданушыларынан кешірім сұраған Цукербергтің айтуынша, Facebook магистральды бағдарлауышының конфигурациясы өзгерген. Сол кезде жүйеден ақау кетіп істен шыққан. Десе де әлемдік желідегі ақауға қатысты түрлі болжам айтылды. Тіпті бір жарым миллиард қолданушының жеке дерегі сатылымға қойылғаны туралы хабар тараған. Компания мамандары мұның бәрін жоққа шығарады. Бірақ осы аралықта Facebook акциясы 5 пайызға құлдырап, Цукербергтің қаржысы 6,6 миллиард долларға азайды.
Иван Филько, киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы:
- Тұтас алғанда Қазақстанға қатты бір кері әсері болды деп айта алмаймын. Әрине, әлеуметтік желі арқылы сауда жасайтындарға қиындық туған болуы мүмкін. Бірақ әлемдік ақау қысқа уақытта қалпына келді және бізге түнгі уақытқа тұспа-тұс келді. Оған қоса бәріміз бірдей желіде отыруға міндетті емеспіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!