Маңғыстау облысында мұнай өндіру төмендеуі мүмкін
2025 жылдан бастап Маңғыстау облысында мұнай өндіру төмендеуі мүмкін. Энергетика министрлігі осылай топшылап отыр. Дегенмен бір ай бұрын елдің бас энергетигі атанған Мағзұм Мырзағалиев өндіріс көлемін азайтпауға бел шеше кірісіп кетіпті.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
05.10.2021
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Өңірде мұнай өндірудің төмендеуіне жол бермеу үшін рентабельді емес, суланған, дебиті аз кен орындары бойынша салық преференциялар беру жөнінде ұсыныс пысықталады. Бұл жұмысты министрлік «ҚазМұнайГазбен», мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асырады. Министрлік Маңғыстау облысының мұнай өндіру профилін дайындады. Мұнай өндіру келесі бес жылда тұрақты болады. Алайда 2025 жылдан бастап өндірудің шамалы төмендеуі байқалуы мүмкін.
Министр мұнай мен газ өндіру саласында Маңғыстау облысының әлеуетінің әлі де болса толық пайдаланылмағанына қынжылды. Сөйтіп 2028 жылға қарай жаңа теңіз жобалары іске қосылмақ. Дәлірек айтсақ, Хазар және Қаламқас кен орындарын игерудің арқасында қара алтынды өндіру көлемі 19,5 миллион тоннаға дейін арттырылады. Қазір саладағы алпауыт компаниялар осы кен орындарын игеру тұжырымдамасымен айналысып жатыр.
«ҚазМұнайГаз» компаниясы Бектұрлы, Шығыс және Өзен-Қарамандыбас учаскелерінде 26 миллиард теңгеге геологиялық барлау жүргізуді жоспарлаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!