{metadescription}
Алғашқы қардың әуресі
Алғашқы қардың әуресі

Алғашқы қардың әуресі

Еліміздің бірнеше өңірі қыстың алғашқы ызғарын сезді. Қардың кесірінен көшелерде көлік кептеліп, қоғамдық көліктер де кешігіп, жұртты әбден әурелеген. Жағдайды пайдаланған такси қызметі  қолайсыз ауа райымен бірге бағасын да көтеріп үлгерді.

Ал қалааралық жолдарда апат жиілеп, тіпті күнделікті мөлшерден еселеп асып кеткен. Көлік жүргізушілері әкімдіктердің қарды бірден тазаламағанына ашулы.

Қазан айының алғашқы күндерінде табиғаттың тосын мінезі елордалықтарға үйреншікті жағдай. Бірақ бүгін тұрғындар әуре-сарсаңға түсті. Бүкіл қалада айналаның бәрі әппақ қардың астында қалған. Жол-көлік оқиғасы да көп. Бір тәулікте саны жүзден аса артты.

Көліктердің төңкеріліп, соғылысып, жол жиегіне шығып кеткен жайттар аз емес. Апат саны өткен тәулікпен салыстырғанда екі есе көп. Бұдан қорыққан көлік жүргізушілері лезде бар құрал-сайманын жиып, жазғы дөңгелегін  ауыстыруға асықты. Қызмет көрсетушілер үшін дөңгелек жөндеу енді қыза түспек. Бүгін алғашқы кезекпен жұмыс басталды. 

Марат Серікбаев:

- Бәрі де қардың түсетінін білді. Жыл сайын бір жағдай қайталана береді. Дөңгелек ауыстыруға келсекұзын-сонар кезек. Бір жарым сағат күттік, бәрі  дөңгелегін ауыстырғылары келеді. Таңертең жол апатынан аман қалдым. Сол үшін бірден қысқы дөңгелектерімді ауыстырайын деп шештім. Шын айтсам, әкімдіктің қар жинайтын көліктерін көрмедім. Трактор ғана жүрді, болды. Жол тазаланған жоқ. Түні бойы қар жауды ғой, жол неге тазаланбаған? Мүмкін, әкімдік қар жауатынын білмеді ме екен, ә?

Шерзат Әпсаметов:

- Жылдамдықты асыра алмайсың. 10-20. Түгел жерде жол апаты. Мына жерде шиномонтаж бар. Ол жерде ылғи ұзын кезек. Ал мында жарты сағат болды, бәрі осы жерге келіп жатыр.

Ал біздің түсірілім тобы, қар жинайтын көліктерді тауып алды. Алайда түске қарай қала көшеде жинайтын қар да қалмады. Шалшық судан тұрғындардың аяқ алып жүруі қиындады.  

Кеше кешкілік ұшқындаған қар Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарын да біраз әуреге салған. Қазанда қамбаға аста-төк астық құяр шақта Көкше өңірінде күн райы құбылып, түнде аяз ұрып үлгерген. Тіпті жел тұрып бұрқасындатқан. Ауа райын болжау қызметі желдің жүйтку жылдамдығы  секундына 20 метрге жететінін хабарлады. Түнде -3 градусқа дейін төмендеп, таң ата  қалың тұман түсті. Ауа райы бұлайша құбылып біресе жаңбыр, біресе қар жауып, тас жол көктайғаққа айналған.

Көкшетау-Нұр-Сұлтан тас жолы. Діттеген жеріне жетуге асығып жолға шыққан  жүргізуші де, жолаушы да өзгелерге жолға шықпауын ескертті.

Алматыда ертең ауа райы бұзылуы мүмкін. Бүгін түнде жауатын жауын-шашынның арты қарға ұласады деп күтілуде. Әкімдік көлік жүргізушілерінен көктайғақтан сақ болуды, жылдамдықты асырмауды сұрайды.

Бүгін такси қызметіндегілер қарға емес, қарша бораған ақшаға қуанды. Қолайсыз ауа райында асығы алшысынан түскен олар таңертең діттеген жерге жеткізу құнын екі есеге бір-ақ көтерді. Қоғамдық көліктердің кешігуі, дұрыс жүрмеуін пайдаланған таксишілер тұрғындардың осылай қалталарын қақты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде