Сот орындаушысы теуіп қап, үй иесі оны бүйірінен ұрып құлатқан
Алматыда сот орындаушысы мен борышкер арасындағы даудың мән-жайы белгілі болды. Куәгерлер соққы алдым деп жар салған сот орындаушысы үйдің қожайынын аяғымен теуіп, төбелесті өзі бастағанын жеткізді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
05.10.2021
Содан кейін үйдің иесі ашуға булығып, оның бүйірінен ұрып құлатқан.
«Жәбір көрдім» деген Әділ Ермеков кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров келіп қоқан-лоққы көрсеткенін де айтуда. Алайда былғары қолғап шебері «ешкімді қорқытпадым» деп отыр.
Тау бөктерінде орналасқан «Дзержинский» саяжайы. Кеше әлеуметтік желіге таралған төбелес дәл осы жерде болған. Сот орындаушылар мен полиция қызметкерлері осы үйді заңсыз салынған деп, оны бұзуға келіпті. Алайда үйін кеңейткен қожайын сот шешімімен келіспеген.
Баспанасын сүруге қарсы болған азамат жойқын соққысымен сот орындаушысының бүйірінен ұрып құлатады. Бұл кадрлер әлемжеліде қызу талқыға түсті. Осы жанжалды сырттай бақылап тұрған көршілер сот орындаушы төбелесті өзі бастап, бірінші болып үйдің иесін аяғымен тепкенін «анық көрдік» деп отыр.
Александра Брелова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Сот орындаушысы үйдің иесін аяғымен тепті. Мен оны өз көзіммен көрдім. Бірақ ол видео еш жерде жоқ. Ал төбелестің жалғасы әлеуметтік желіде жүр. Сот орындаушысының өзі кінәлі. Өйткені ол үйдің қожайынын ашуландырып, оны соққы жасауға итермеледі.
Ал даудың басы үйге жапсарлас салынған бөлмелерден басталған. Баспана иесі бірнеше шаршы метр жалғап үйін кеңейтпек болыпты. Алайда бұл құрылысқа үзілді-кесілді қарсы болған көршісі Тимур Сағындықов сотқа жүгініп жеңіп шыққан. Оның айтуынша, өмірімізге қауіп төндіретін қосалқы бөлмелер құлаудың алдында тұр.
Тимур Сағындықов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Мен алдымен тиісті мамандарды шақырттым. Олар маған мына құрылыс өте қауіпті екенін айтты. Сосын жаңбырлы күндері көрші үйден су ағып, аталған үйдің іргетасы жарыла бастады. Отбасымызбен қорықтық. Сосын сотқа жүгінуге тура келді. Сот жапсарлас салынған бұл нысанды заңсыз деп тапты. Тиісінше, оны сүру туралы шешім қабылдады.
Ал сот үкімін орындауға келген Әділ Ермеков ақыры таяқ жеп тынды. Ол міндетін атқаруға үйдің қожайыны кедергі келтіріп күш көрсеткенін айтады. Тіпті танымал боксшы Жанқош Тұраров бастаған спортшылар келіп, маған қоқан-лоққы көрсетті дейді сот орындаушысы. Ол оқиға орнында болған полиция қызметкерлері көмек көрсетудің орнына, алды-артына қарамай тайып тұрған дейді. Ал өзі аяқпен тепкенін жоққа шығарды.
Әділ Ермеков, сот орындаушы:
- Біз үй иесімен бір ай бойы сөйлестік. Ескерттік. Бірақ ол көнбеді. Сосын сот үкіміне сәйкес жапсарлас салынған нысанды бұзуға келдік. Сол уақытта үйдің қожайыны мені ұрып құлатты. Жанымда тұрған полиция қызметкерлерін таппай қалдым. Олар қашып кетті. Көп ұзамай Жанқош Тұраров мен спортшылар келіп бізді қорқыта бастады. Ал мен сыпайы сөйлеп, ешкімді тепкен жоқпын.
Бокстан әлем чемпионы Жанқош Тұраров әпкесінің шақыртуымен сол үйге барғанын айтады. Былғары қолғап шебері ешкімді «қорқытып-үркіткен жоқпын» деп отыр. Ол бар болғаны ортақ мәмілеге келе алмаған тараптарды «сабырға шақырдым» дейді.
Жанқош Тұраров, кәсіпқой боксшы:
- Мен, керісінше, ол кісіге «бауырыңыз қалай, қаратып алыңыз» деп айттым. Жынды ма, неге олай бұрмалап жатыр? Олар қоршауды бұзайын деп жатты. Мен не істеп жатырсыңдар, тоқтатыңдар деп айттым. Олар тоқтады. Сосын мен кетіп қалдым.
Қазір аталған жанжалға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптама тағайындалды. Тәртіп сақшыларының да әрекеті тексерілуде. Бәлкім олар Ақбұлақтағы атыстан кейін өмірін қатерге тіккісі келмеген болуы мүмкін. Екі апта бұрын дәл осылай сот шешімін орындауға барған бес бірдей адамды үйдің қожайыны аңшы мылтығымен атып тастаған еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!