Еңбекшіқазақ диқандарының еңбегі еш кеткен
«Еңбегіміз еш кетті». Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы бір топ шаруа өніміміз күйіп кетті деп қапа болды. Дер кезінде суарылмаған соң дұрыс өсім болмаған. Болған жайға көрші аудандағы «Талғарирригация» мемлекеттік кәсіпорнын кінәлайды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
06.10.2021
Келісімшарттағы мерзімнен кеш су жіберудің соңы қып-қызыл шығынға батырды деген пікірде. Енді амал жоқ, асқабақ қар астында қалмай тұрғанда үш есе арзан бағамен базарға өткізіп жатыр. Кінә артылған мекеменің болған жайға айтар өз жауабы бар.
Бұл күз Қойшыбек ауылындағы шаруалардың кәсібін шатқаяқтатты. Андрей Губерт: «Ала жаздай су жетпей, асқабағының тек жартысы өнім берді», - дейді. Оның өзі үсіп кетпей тұрғанда жүк көліктеріне жанталаса тиеп жатыр. Жылда келісін 98 теңгеге саудалайтын өнімді, амал жоқ, 25 теңгеден өткізіп жатыр. Талғар өзенінен суды дер уақытында жібергенде мұндай шығынға батпас едік деп налиды.
Андрей Губерт, шаруа:
- Биыл екі гектар жерге асқабақ, екі гектар жерге қарбыз ектім. Қарбыздың 99 пайызы күйіп кетті. Асқабаққа су тек маусымның аяғында келді. Оның өзін арасын үзіп жіберетін. «Талғарирригация» мекемесі келісімшарттағы талапты орындамады. Нағыз қажет уақытта суды жібермей, өнім бас алып кеткесін бірақ жіберді. Салдары осындай болды. Енді келген шығынды кім өтейді?
Шығын шырмауына маталған мұнда шаруалар көп. Бәрі де осы асқабақ, қарбыз, жүгері егумен жан бағып отырғандар. Тұқым жерге түскеннен «Талғарирригация» кәсіпорыны су жіберуі тиіс болған. Бірақ уәделі күндерде бір тамшы су келмеді дейді диқандар.
- «Талғарирригация» шаруа қожалықтарымен келісімшартқа отырып, ең жауапты кезеңде су бермеді. Сондықтан егістіктің бәрі құрғап кетті. Бірі 50, екіншілері 70 пайызға дейін күткен өнімінен айырылды. Енді қажет емес кезде суды жіберіп, мазақ қылғандай болды. Сұмдық қой! Қаншама жерге хат жаздық. Жауап жоқ.
Егістікке су Талғар өзенінен гидротехникалық арна арқылы жетеді. Оны қадағалап басқаруға «Талғарирригация» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны жауапты. Олар судың кешігіп ағуын дәл сол кезде жөндеу жұмысы жүргізілгенімен байланыстырады.
Мадияр Мұхаметқалиев, «Талғарирригация» шаруашылық жүргізу құқығындағы су шаруашылығы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры:
- Гидрожеліден басталады Талғар магистраль каналы дейді. Сол жерде сәуір-мамыр айларында жөндеу жүргізілді. Оны сол каналдың бойында отырған кейбір шағын шаруалар бетондарды тесіп өзіне су тартады. Ашық саңылаулар пайда болып, соларды жөндеу жүргізілгеніне байланысты кешігіп бердік.
Болар іс болып, бояуы сіңді. Шаруаларға ендігі мәселе жауапты мекемеден шығынды өтеу. Бірақ сот арқылы «Талғарирригацияның» кінәсі дәлелденбесе, онда соқыр тиын да көрмейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!