{metadescription}
Кемертоғанда құрылысшылар жайқалған тоғайды отап тастаған
Кемертоғанда құрылысшылар жайқалған тоғайды отап тастаған

Кемертоғанда құрылысшылар жайқалған тоғайды отап тастаған

«Тал-теректі аяусыз отағандар жауапқа тартылсын». Алматы облысының Кемертоған ауылында тұрғындар жол құрылысын жүргізіп жатқан компанияның заңсыз әрекетіне тоқтау сала алмай жүр.

Наразы топтың айтуынша, техника мен құрылысқа қажет заттарын қоятын жер таппаған құрылыс компаниясы өзен жағасындағы тоғайды кесіп тастаған.

Табиғатқа қастандық жасағандар жекеменшік жер телімдерінің топырақ қабатын да тасып әкетті деген жұрт кімнен көмек сұрарын білмейді. Өйткені компания өкілдері көпшіліктің жанайқайына құлақ аспақ түгілі, оларға қоқан-лоққы көрсетеді екен.

- Мынау 150 метрге созылып жатыр. Орман қорғауында болған. Бұл жерде ағаштар өсіп тұрған.   

Өзен жағалап өзегі өртенген жұрт бұл маңда қалың тоғай болғанын айтады. Алайда трактордың табаны тиген жер қазір алаңқайға айналған. Тұрғындардың сөзінше, табиғатқа жасалған қастандық іргеден жол құрылысы қызған кезде басталыпты. Тіпті тал-терекке қырғидай тиген компания қызметкерлері жекеменшік жер телімдеріндегі топырақ қабатын тасып әкетті дейді тұрғындар. 

Арман Керейұлы:

- Жыл басында «Дортехмонтажсервис» компаниясы негізгі трасса мен Олимпиадалық ауыл арасында жол салуға кіріскен болатын. Олар ешкімнен рұқсат сұрамастан барлық құрылысқа қажет заттар мен техникаларын осы маңға орналастырды. Біз жер телімінің заңды иесі болсақ та, ағаштарды рұқсатсыз кесе алмаймыз. Оларға бәрібір, өзен жағасындағы ағаштарды трактормен қопарып, сан жылдан бері өсіп тұрған шаған мен қарағаштың түгін қалдырмады.

 Дархан Смайылов:

Осы компания мына жердегі ағаштардың бәрін кесіп тастады. Өте көп ағаш. Мына жерде көп ағаштар үйіліп жатты. Мына жерді қарасақ, іздер жатыр. Ол техниканың жұмысы. Сол үшін біз жиналып тұрмыз. Мөлшері екі жүз метр шамасында отап тастады.

Көктемнен бері құрылыс компаниясының сорақылығымен арпалысқан жұрт көшеттерді қоспағанда 100-ден астам ағаш кесілгенін айтады. Ал жасыл желекті отағандар «рұқсатымыз бар «дегенімен, ешбір  заңды құжат көрсете алмапты. Мердігерлердің қитұрқы әрекетінен секемденген шағымданушылар өзен жағалай өскен тал-терек құрып біте ме деп алаңдайды.  

Мавлюда Өміртаева:

- Талабымыз – ағаштарға тиіспесін. Біріншіден, бұл – табиғат. Бұлар барлық талды алып тастап, ана жерге өтетін жер жасап, машиналарын жуып отырды, мына компания. Бәріміз үй соқтық, келешекте немерлерімізбен отырамыз деген жердің бәрін құртып жатыр. 

Ал жол құрылысына жауапты компания басшылары алғашында бір-біріне сілтеп, ақырында жауап беруден бас тартты. Бірақ тапсырыс беруші Алматы облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы құрылыстың талапқа сай жүргізіліп жатқанын айтады. «Әзірге заңбұзушылық көрмедік» деген шенеуніктер тұрғындардың талабы расталса, мердігер компанияға шара қолданбақ.

Серік Самұратов, Алматы облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Егер заңбұзушылық анықталып халықтаң уәжі шындыққа айналса, келісім шарттарына сәйкес, мердігер компанияға айыппұл салынады. Оның көлемі келісімшарт  қаржысының 0,1 пайызынан бастап 10 пайызға дейін жетеді. Сондай-ақ мердігер компания қалпына келтіру жұмысын жүргізуге міндеттеледі.

Дабыл қаққан тұрғындар тәртіп сақшыларына арызданыпты. Қазір Облыстық полиция департаменті істің анық-қанығын тексеруде. Алайда ашулы жұрт мердігер компания жауаптан жалтарып кете ме деген қаупі барын жасырмайды. Өйткені бар кінәні тұрғындарға аударатын компания өкілдері үнемі қоқан-лоққы жасайтын көрінеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

11 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.