Ақтаудағы жол апаты: Іс алға жылжымаған
Маңғыстау облысында жол апатынан қаза болған марқұмның туыстары полицейлер істі дұрыс тергемей жатыр деп шағымданды. Айтуларынша жол апатына кінәлі көліктің алдынан шыққан түйенің иесі мен қарама-қарсы бағытта жарық шамын сығырайтпаған жүргізушісін әлі таппаған.
Автор: Айман Нұрмағанбет
07.10.2021
Ал полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Жантүршігерлік жол апаты 11-қыркүйекте таңғы сағат 6:15-те Ақтау -Жаңаөзен тас жолында болған. «Киа» көлігінің жүргізушісі қара жолдың қақ ортасына жүгіріп шыққан түйеге соғылған. Тізгіндегі 24 жастағы жігіт алты күн жатып көз жұмған. Марқұмның туыстары жол апатына қарсы бағытта жарығын шақырайтып жағып келе жатқан көлік кінәлі дейді. Өйткені шағылысқан жарықтан жолға шыққан түйені байқамай қалыпты. Содан бері бір айға жуық уақыт өтсе де, іс алға жылжымай отыр дейді марқұмның туыстары.
Есет Мамбетов, марқұмның ағасы:
- Мен інім ауруханада жатқанда қасында бір аптадай жаттым. Маған тергеушіден ешкім келген жоқ. Хабарласып, не болып жатқанын сұрап білу керек қой. Қалай болды, түйенің несі? Олар тіпті келген жоқ. Іс қалай болып жатқан білмеймін мен. Полиция қызметкерлері бұл істің анық-қанығына жетіп, маған түйенің иесін тауып беруін және де қарсы шыққан көлікті тауып беруін талап етемін.
Ал тәртіп сақшылары әлі күнге жол апатына кінәләлерді таппай жатырмыз дейді. Айтуларынша, аталған іс бойынша тергеу жүріп жатыр екен. Барлығын анықтаған соң хабарлап айтамыз деп отыр.
Қайрат Өтемісов, Маңғыстау облысы ПД анықтау басқармасының бастығы:
- Қарсы бағыттан қарқынды жарықпен келе жатқан автокөлік жүргізушісі мен малдың иесін анықтау бойынша тиісті тергеу жүргізілуде. Жануарда ешқандай таңба, белгі болмағандықтан, жануардың иесін анықтау мүмкін емес. Жануарда құлаққа тағатын белгі де, анықтауға арналған өзге де белгілер мен жазу болған жоқ. Алайда оны анықтау бойынша іздеу жұмыстары жалғасуда.
Марқұмның туыстарына тергеу аяқталғанша күтуден басқа амал жоқ. Себебі, істің қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Жалпы ресми дерек бойынша жыл басынан бері Маңғыстау облысында жануардың кесірінен 11 жол апаты болған. 9 адам ажал құшып, 19-ы әртүрлі дене жарақатын алған екен. Жолға жауаптылар көлік жүретін жерді қоршап, апатты болдырмау мақсатында барымызды салып жатырмыз дейді.
Қанат Сатыев, «ҚазАвтоЖол» АҚ Маңғыстау облысы филиалының бөлім басшысы:
- Маңғыстау облысы бойынша 13 шақырымға тікенді сым тартылған. Сосын бес шақырым «электрқойшы» қойдық. Ақтау – Жаңаөзен жолына. Содан Жетібай – Жаңаөзенде бес шақырым қоршау бар.
Жалпы алдағы уақытта облыстағы барлық тас жолының бойына жан-жануар өтпейтіндей қоршау қою жоспарда бар. Қаржыға байланысты барлығы кезең-кезеңімен іске асырылады дейді жауаптылар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!