«ҚазМұнайГаз» жағармайдың сапасына жауап бермейміз деп отыр
Дизельдің сапасын ешкім қадағаламайды. Қатып қалған сұйық отынның түрлі видеоларынан кейін «ҚазМұнайГаз» компаниясы үн қатты. Ұлттық компания мұнай-өңдеу зауытынан кейін жағармайдың құрамы мен сапасына жауап бермейміз деп отыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
07.10.2021
Энергетика министрлігі де «біздің қатысымыз жоқ» деп басын ала қашты. Алматыда жүк көліктері мен автобус жүргізушілері кешелі бері жарамсыз жағармайдың кесірінен жолда қалдық деп шағымданып жатыр. Осы мәселеге қатысты сарапшылар не дейді?
Бұл шашқа жағатын гель емес, кәдімгі дизель. Қоймалжың сұйық отынның сапасын сынайтындар кешелі бері көбейді. Күннің күрт суығанынан қатып қалған дизель алматылық жүргізушілердің жүйкесін жұқартқанын желіге таралған видеолардан анық байқауға болады. Көлігі оталмай жолда қалғандардың бірі – Шухрат. Тауар тасып күнелтетін азамат мұз болған жанар-жағармай «бір күндік жоспарымды күл-талқан етті» деп күрсінеді.
Шухрат Мендеев, жүк көлігінің жүргізушісі:
- Кеше жұмысқа келіп көлігімді оталдырдым. Көлік жүз метрден кейін өшіп қалды. Күн салқын болды. Бірақ қатты суық емес. Дизельді көрсем, бірыңғай парафин. Жылытуға тура келді. Еуро талабы туралы айтпай-ақ қояйын. Мына дизель ешқандай стандартқа сай емес. Соның салдарынан мен көлік бөлшектерін ауыстырдым. Шығынға баттым. Жұмысым жайына қалды.
Дизельмен жүретін автобустар да кеше күнделікті бағытқа уақтылы шыға алмай тұрып қалды. Соның салдарынан тұрғындар қоғамдық көлікті аялдамада сағаттап күтуге мәжбүр болған.
Бүгін қар еріп, шаһарда күн жылына бастады. Бірақ жүргізушілер жаздық дизель отыны -5 градусқа дейін қатпау керек дейді. Ал кешегі ауа температурасы бар болғаны -1 градусқа төмендеген. Сарапшылар бұл келеңсіздікке мұнай-өңдеу зауытынан кейін сұйық отынды алып-сататын жекеменшік компаниялардың ашкөздігі себеп екеніне сенімді. Өйткені олар дизельдің көлемін көбейтіп пайдаға кенелу мақсатында оған түрлі сұйықтық қосуы әбден мүмкін дейді.
Ерлан Жаукин, мұнай-газ саласының сарапшысы:
- Дизель отынының қатып қалуына мұнай өңдеу зауытын кінәлау дұрыс емес деп ойлаймын. Дизельдің сақталуы мен тасымалдауына да көп нәрсе байланысты. Сұйық отын алыпсатарлар арқылы жанармай бекетіне жетеді. Дизельді көбейту мақсатында олар түрлі сұйықтық қосып, жанармай бекеттеріне сатуы мүмкін.Бір әттеген-айы – зауыттан кейін жағармайдың сапасын ешкім қадағаламайды.
Елімізде үш бірдей мұнай-өңдеу зауыты бар. Оңтүстік аймақтарға дизель Шымкенттегі кәсіпорынан жеткізіледі. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы зауыттарда сұйық отынның сапасы жіті тексерілетінін жеткізді. Акционерлік қоғам өкілдері: Одан кейінгі бақылау біздің құзыретімізде емес» деп қысқа қайырды.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы»:
- Дизель отыны мұнай өңдеу зауытынан жөнелтілгеннен кейін мұнай базаларына және одан кейін барып жанармай құю станцияларына жеткізіледі. Мұнай базалары мен жанармай құю бекеттеріндегі отынның сапасын бақылау отынды көтерме және бөлшек сатумен айналысатындардың жуапкершілігінде болады. Егер мұнай базаларында дизель отынының сапасы сақталмаса немесе басқа өнім түрімен араласып кетсе, онда бұл мәселе құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады.
Ұлттық компания суыққа шыдайтын қыстық дизель отыны қазан айының ортасында барлық өңірге таратылатынын жеткізді. Ал энергетика министрлігі, әдеттегідей, біздің қатысымыз жоқ деп басын ала қашты. Тәуелсіз сарапшылар жауапты ведомство бұл саланы бақылауға алып, алыпсатарларды тезге салу керек деген пікірде. Әйтпесе нарықты жарамсыз жағармай жайлап, оның зардабын жүргізушілер тартады. Сапасыз сұйық отынның кесірінен тапшылық туындап, бағаның көтерілуі де ғажап емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!