Елімізде Ковид-19 жұқтырғандар қайта көбейді
Короновирус инфекциясын жұқтырғандар саны елде қайта көбейді. Бір тәулікте вирус 2063 адамнан табылған. Ақмола, Атырау обылыстарында науқас саны артып, жағдай күрделене түссе, Жабыл өңірінде оқушылар жаппай дертке шалдығып жатыр.
Автор: Ұлан Нұрахмет
07.10.2021
Мұнда ұстаздар да инфекцияның құрығына ілінуде.
Шығыс Қазақстандағы ауруханаларда науқас жатқызатын төсек-орын жетіспей жатыр.
Атырау облысында карантин шаралары жеңілдетілген бойда инфекция жұқтырғандар саны күрт өсті. Соңғы екі күнде індетке шалдыққандар жүзге таяды. Қазір инфекциялық стационарларда 252 науқас жатыр. Ал 500-ге жуық адам үйінде емделіп жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының айтуынша, жағдай тіпті күрделенсе, инфекциялық стационарлар қайта жұмысын бастайды.
Айсұлу Досқалиева, Атырау облысы санитарияэпидемиологияны бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Пандемия басталғаннан бастап 6-қазан аралығында облыста 50637 адам коронавируспен тіркелген. 100 мың адамға шаққанда ауру көрсеткіші 71,6-ны құрады. Оны ішінде 48 пайызы симптомсыз және симптомды.
Үш ай бойы «қызыл»деңгейден шыға алмай «сарыға» өткеніне бір апта ғана болған Ақмола облысында індет тағы дендеп барады. Өңірде коронавирус жұқтырғандар саны 42 мыңнан астам адамға жетті.Санитар дәрігерлердің айтуынша, бұған көрші Солтүстік Қазақстанда аурудың күшейюі ықпал етіп отыр. Қазір инфекциялық ауруханаларда жатқан 500 ден аса науқастың 58-інің халі ауыр.
Айнагүл Мусина,Ақмола облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің басшысы:
- Ақмола облысында санитария-эпидемиология жағдайы тұрақсыз. «Сары»деңгейде болғанымызбен, карантиндік қатаң шектеулерді бір аптада жеңілдетіп үлгерген де жоқпыз. Егер жағдай түзелмей күн сайын індет жұқтырғандар азаймаса, қайта «қызыл» деңгейге өтуіміз де мүмкін.
Жамбыл облысында ұстазы да, оқушысы да шетінен короновирусқа шалдығып жатыр. Оқу жылы басталғалы бері 175 сынып карантинге жабылып, 9 сынып әлі қашықтан оқтылып жатыр. Ауру жұқтырғандардың арасында 15 мұғалім бар. Ал бір аптада жасы 18-ге толмаған 71 адамнан індет анықталып, оң нәтиже көрсеткен. Ал соңғы бір тәулікте 11 мектеп оқушысы коронавируске шалдыққан.
Гүлзира Дәрібаева, Жамбыл облысы білім басқармасының бөлім басшысы:
- Осы ауырған балаларға байланысты онымен қарым-қатынаста болған оқушылар онлайн режимде, қашықтан оқытылуда. Саны 4 мыңнан асып отыр.
«Сары» аймақтағы Шығыс Қазақстанда бір тәуілікте 140 адамнан індет анықталды. Қазір ауруханаларда 720 адам емделіп жатыр. Тіпті қос өкпесі қабынған екі науқас көз жұмды. Тіпті әлеуметтік желілерде ауырып келген адамды ауруханаға жатқызудан бас тартқан дәрігердің видеосы желдей есіп жүр.
- Әзірге орын жоқ. жедел жәрдеммен әкеп тұр, міне. Екі адам отыр. Орын жоқ. Жедел жәрдеммен әкелгендердің бәрін ала алмадық.
Дегенмен бұған қатысты аймақтың денсаулық сақтау басқармасының басшысы түсінік берді. Оның мәлімдеуінше, Өскемен ауруханасында түсірілген бейнематериалда дәрігер орынның жоқтығынан емес, науқастың жағдайы қалыпты болғанынан бас тартқан екен. Ол ауруханаларда төсек-орынның жеткілікті екенін жіткізді.
Жалпы елімізде бір тәуілікте 2063 адам коронавируске шалдыққан. Қазір «қызыл» аймақта Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен екі өңір тұр. Ал «жасыл» аймақта – Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстары. Қалған аймақтар – «сары» деңгейде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!