Алматыға Pfizer вакцинасын бөлуге квота қаралып жатыр
Көп күттірген Pfizer вакцинасы «қызыл» аймақтағы Алматыға 20-қазаннан кейін әкелінеді. Америкалық вакцинаның алдымен 160 мың дозасы ғана жеткізілмек.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
07.10.2021
Дегенмен мамандар өңірде 12-18 жас аралығындағы 300 мыңнан аса жасөспірім екпе алуға жарамды деп отыр. Бұдан бөлек жүкті әйелдер бар. Сондықтан қазір Алматыға америкалық екпе бойынша квота бөлу мәселесі қаралып жатыр.
Ақпаннан бері 963 мыңға жуық алматылық коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін алған. 876 мыңнан аса тұрғын толық иммунизациядан өтті. Қала вакциналауда көшбасшылар қатарында болғанымен, бұл әлі де жеткіліксіз дейді шенеуніктер. Мамандар тағы 300-400 мың ересекке екпе салуды мақсат қойып отыр. Осылайша індетке қарсы вакцина алған алматылық санын бір миллион 300 мыңға жеткізу қажет.
Ержан Бабақұмаров, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
- Қалыпты өмірге оралып, қатаң шектеулер мен локдаундардан құтылу үшін бастапқыда жоспарлағандай 1 миллион 90 мың емес, 1 миллион 300 мың адамды вакциналауымыз қажет. Сол кезде қала әлдеқайда қауіпсіз болады. Сондықтан бұл бағытта жұмысты жалғастырамыз.
Осыған дейін қала тұрғындарының 80 пайызы Sputnik-V вакцинасын салдырған. Ал QazVaс алғандардың саны бар-жоғы 25 мың. Десе де соңғы кезі отандық вакцинаға сұраныс артып келеді. Мұның халал сертификатына қатысы бар ма, жоқ па, белгісіз. Ал америкалық Pfizer екпесінің Алматыға қазанның 20-сынан кейін әкелінетіні белгілі болды.
Нариман Табынбаев, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы:
- Pfizer вакцинасы қалаға 20-қазаннан кейін жеткізіледі деп жоспарланған. Әзірге Алматыға 130 бен 160 мың доза аралығында әкелінеді. Квота бөлу жағы нақтыланып жатыр.
Вакцинаның бұл түрімен жүкті әйелдерді және 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерді егу жоспарланып отыр. Бұл қатарға кейбір бірінші курс студенттері де кіреді. 18 жасқа толмаған балаларға коронавирусқа қарсы вакцина тек ата-анасының рұқсатымен салынады дейді мамандар.
Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының бас санитар дәрігері:
- Pfizer вакцинасы әкелінгеннен кейін біз 306 мыңға жуық оқушы мен студентті вакцинациялай аламыз. Бұл иммундық қабатты арттыруға мүмкіндік береді. Ал ол өз кезегінде ауру деңгейінің төмендеуіне әсер ететіні сөзсіз.
Кеше денсаулық сақтау министрі Қазақстанға Pfizer вакцинасының 4 миллион дозасы жеткізілетінін мәлімдеген. Ведомство америкалық компаниямен тиісті келісімшартқа қол қойып та қойған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!