Жылусыз қалған: Алматыда тұрғындар күн көзіне жылынып жүр
Алматыда жылусыз қалған тұрғындар шу шығарды. Қыраулы күзде бүрсең қаққан жұрт апта басынан бері төрт мыңнан астам адамның тоңып отырғанын айтады. Қазір амалы таусылған тұрғындар баспанасынан безіп далада күн көзіне жылынып жүр.
Автор: Мақсат Мәлік
08.10.2021
Ал жергілікті шенеуніктер мәселені шешпек түгілі, бір-біріне сілтеп, тұрғындарды мазақ ететін көрінеді.
Құрман Нұржан Алматы қаласының тұрғыны:
- Бірінші күні батарея кішкене жылы болған сияқты еді. Одан кейін суып кетті. Электр батарея қоямыз. Содан кейін қалың киініп аламыз, басқа не істейміз? Қысқы бәтеңкемен жүреміз. Балаларға обал болды, немерелеріме.
Амалы жоқ тұрғындар қазір далаға шығып күн көзіне жылынып жүрміз дейді. Өйткені қысымның аздығынан Бостандық ауданындағы бақандай 8 көпқабатты үйге жылу толық берілмеген. Төрт мыңнан астам адам күздің қара суығында жылусыз қалдық деп шағымданғандар енді шама-шарқы жеткенше электр пешін қосуға көшіпті. Тұрғындар пәтерлерінің азынап тұруына маңайда бірінен соң бірі бой көтерген тұрғын-үй кешендерінің ортақ жүйеге қосылуынан көреді. «Соның кесірінен ескі үйлердегі қысым азайды» деген олар төрт күнде талай табалдырықты тоздырыпты. Алайда жауаптан жалтарған шенеуніктер келеңсіздікті шешпек түгілі, жұрттың жанайқайын жүре тыңдапты. Бірақ жауапты мекеме өкілдері қаладағы жылу кешендері «штаттық режимде жұмыс істеп тұр» деп, өзіне шаң жуытпады.
Алматы қаласы жайлы қала ортасының басқармасы:
- Өткен жылғы күзгі-қысқы жылу мауысымы көрсеткендей, кешендегі орталықтандырылған жылумен жабдықтау процесі маусым ашылған соң екі апта ішінде толық қалыпқа келеді. Мұны осы кезеңде режимге кіретін жылу энергиясын беру жүйелерінің технологиялық ерекшеліктерімен байланыстыруға болады. Ал үйі ші желілердің жұмысындағы мәселелерді жөндеу және алдын алу іс-шаралары жүргізілгеннен кейін коммуналдық қызмет мамандары бірлесіп шешеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!