Әуе компаниясы жаңа Өскемен әуежайына ұшудан бас тартқан
Жаңарған Өскемен әуежайы іске қосылғанымен, ол жаққа уақытша ұшудан бас тартқан әуе компаниялар бар. Негізгі себеп: ұзартылған ұшып-қону алаңынының аумағы аэронавигациялық картаға енгізілмеген.
Автор: Асқарбек Қазанғап
08.10.2021
Қауіпсіздікті желеу еткен еліміздің ірі әуе тасымалдаушысы қай кезде, қандай талаппен рейс жандандыратынын айтты. Ал Өскемен әуежайының бұл уәжге айтар өз жауабы бар.
Осыдан екі жыл бұрын Өскемен әуе жайында басталған күрделі жөндеу межелі мерзімнен екі айға ерте бітті. Ұшып-қону жолағы 2800 метрге ұзартылып, ені 60 метрге дейін кеңейтілді. 1-қазаннан әуежай жұмысы жанданғанмен, жаңа жолақ бәріне бірдей жақпаған.
Николай Короленко, «Өскемен әуежайы» АҚ президенті:
- «Скат» пен «Қазақ эйр» әуе компаниялары жолаушы тасымалдауды бастап кетті. Ал «Эйр Астананың» саясатына келетін болсақ, олар халықаралық аэронавигация жинағында ұшып-қону жолағының жаңарған схемасы жариялануын күтіп отыр. Нақтыланған схеманы, негізі, жариялағанбыз.
Навигация базасының жаңармауы «Эйр Астананың» облыс орталығымен әуе байланысын уақытша үзуге түрткі болып тұр. Техникалық тұрғыда ұшып -қонуға мүмкіндігі бар. «Бірақ борттағы компьютер жаңа жолақты танымаған соң, автоматтандырылған жүйе қателік көрсетуі мүмкін», - дейді әуе компаниясы.
Тілек Әбдірахымов, «Эйр Астана» компаниясы корпоратив коммуникация департментінің менеджері:
- Жаңартылған деректерді біз ұшақтардың жүйесіне енгіземіз, ұшу жүйелеріне. Сонда ұшақтар автоматты түрде басқарылады. Ауа райы бұзылғанда автоматты түрде басқару ұшақты қауіпсіз етеді, сондықтан біз осындай шешім қабылдадық.
«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» бұл жағдайдан еш әбестік көрмейді. Әуежай барлық техникалық талапқа сай екенін алға тартады. Өзгелер ұшқанда «Эйр Астананың» қонбауын басқа себеппен байланыстырады.
Питер Гриффитс, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры:
- Коммерциялық тұрғыдан осындай шешім қабылдауы мүмкін. Әуе компанияларының ұшақтары әр түрлі. Мәселен, «Эйр Астана» 200 жолашы сиятын ұшақ пайдаланады. Ал «Қазақ Эйр» мен «Скат» Өскеменге 100 адамдық ұшақпен қатынайды. Егер қосымша аэродромға қонса, онда жолаушыларды әуежайға автобуспен тасымалдауға тура келеді. «Эйр Астана» қосымша аэродромға қонатын болса, 200-ден астам жолаушыны жеткізу қосымша шығын екенін есептегендей.
Жаңартылған дерек халықаралық аэронавигация жинағында ресми түрде 2-желтоқсанда бір-ақ күшіне енеді. Оған дейін «Эйр Астана» Өскеменге жолаушы тасымалдауын уақытша тоқтатады. Ал «алдын ала билет алдық» дегендердің базынасы болса, ақшасы қайтарылады немесе бағытын ауыстырады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!