Жолы төселмеген «Шұғыла ситиде» газ да жоқ – Алматы
Аты жаңа, заты ескіден бетер! Алматыда «Шұғыла сити» тұрғын үй кешенінің адамдары осылай шу шығарды. Биыл наурызда қоныстанғанмен, көпқабатты үйлерде әлі газ жоқ. Одан бөлек, даласында не жолы төселмеген, не балалар алаңы қойылмаған үйді әкімдік қалай қабылдап алған деп тұрғындар түсінбей отыр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
11.10.2021
Ал қыркүйекке дейін бәрі ретке келеді деп уәде берген атқамінерлер бұл жолы да сырғытпа жауап қайтарды.
- Тұрып жатқан үйіміз – жаңа үй. Тегін алған жоқпыз. Бәрін ақшаға сатып алып отырмыз. Бірақ газ берілмеген, плитамен отырмыз.
Алты айдан бері тоқ пешке телмірген Ақбота Алқабай жаңа қонысты бұлай елестетпеген. Газдың жоқтығынан электр қуатын көп пайдаланған, енді коммуналдық төлем де қалта түбін қағып тұр. «Шұғыла ситидегі» өзге тұрғындар да осылай тұқырған. Басқасы басқа, көгілдір отынсыз қазанын қайната алмай қиналғандар дұрыс тамақтанудан да қалдық деп қынжылады.
Бақытгүл Құрманғазы, Алматы қаласының тұрғыны:
- Плиткамен отырмыз. Екі бастан балаларымыз бауырсақ жемейді. Манты дегенді ұмытқанбыз, жұрттың үйіне қонаққа барғанда ғана жейміз. Ет аспаймыз. Бешбармақ дегенді ұмыттық. Қонақ шақырмаймыз, екі бастан. Міне, бір емес, үш үй өртенді! Бір үйдің газ баллонының кесірінен өртеніп, дымы қалған жоқ. Ешкім оған жауапты емес, газ баллон ұстаған адам ғана кінәлі.
Жағдайды осыған дейін жұрт әкімдікке жеткізген. «Күзге қамданайық» деп жаз бойы шырылдағанмен, берген уәдесінде тұрмады деп қапалы.
Ақылбек Ержан, Алматы қаласының тұрғыны:
- Негізі газды 1-қыркүйекте береміз деген. Үйлер былтыр салына бастаған. 1-сәуірде кірдік. Ақпанда беріле бастады. Содан бері әлі құр уәдемен жүр. Біз одан бері өзіміздің плиткаларымызды қосып жүрміз.
Жиырма бес корпустан тұратын тұрғын үй кешені биыл наурыз айында қолданысқа берілген. Сырттағы көріністің сыйқы осы. Инфрақұрылым деген атымен жоқ. Асфальт мүлде төселмеген. Жұрт жаяу- жалпы батпақ кешіп жүр. Тіпті беті ашық құдықтарға түсіп кетіп жазым болған жайттар жетерлік.
Бір қызығы, Наурызбай ауданы әкімдігі тұрғын үйдің дәл қапталында. Әкім отырған кабинет терезесі де осы жаққа қарайды. Сондықтан мұндағы жағдайды біле тұра, кездесуге келмеуі атқамінер атына сын дейді тұрғындар. Бұл жолы да әкім бой көрсетпеді. Тұрғындарға жауап беруге бөлім басшысы жетті.
Өркен Қодаров, Наурызбай ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
- Осы аптада «Қазтрансгазаймақ» мекемесінің жұмысшыларымен бірге тексеріс жүргізгеніне байланысты кемшіліктер орын алды. Ол кемшіліктерді құрылыс жүргізген мердігерлік ұйымға кемшілік көрсетілді. Осы апта және келесі аптаның сәрсенбісіне дейін толық қалпына келтіру жұмыстары болады, кемшілігі көрсетілді.
Бұл жауапқа қанағаттанбаған тұрғындар іргедегі әкімдікке барды. Бірақ «әкімді көреміз» деген үміттері су сепкендей басылды. Аудан басшысы денсаулығына байланысты жұмыста емес екен. Әзірге бір апта көлемінде кемшілік жойылған соң газ беріледі деген шенділер сөзіне сене тұрудан басқа амал жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!