Мұздай суық жаңа мектепте балалар жаппай ауырған – Алматы облысы
Жылуы жоқ жерде білім алуға қарсы! Алматы облысында бір топ ата-ана балаларын жылуы қосылмаған мектепке жіберуден бас тартты. Биыл ғана ашылған білім ордасында күздің қара суығы келсе де, газ қосылмаған.
Автор: Елдос Есенбол
11.10.2021
Оқушылар мектеп ішінде қалың күртешемен, қысқы етікпен жүр. Алды тіпті суықтан сырқаттанып ауруханаға түскен. Жылуы жоқ жаңа мектепті тілшіміз көріп келді.
Алматы облысының Іле ауданындағы №50 орта мектептің ата-аналары. Осында бірінің ұл-қызы, енді бірінің немересі білім алып жүр. Айтуларынша, пайдалануға берілгеніне екі ай өтпеген мектептің кем-кетігі көп. Не ауыз суы, не жылуы жоқ. Суыққа тоңған балалар сырқаттанып жатыр.
Мәдина Әбдиева, Қосөзен ауылының тұрғыны:
- Мектепті өте жылдам салып бітірді. Бір жаздың ішінде. Оқу жылы басталса да, мұнда әлі жылу жоқ. Үлкен ұлым суық тиіп ауруханада жатыр. Мұнда тағы екінші ұлым оқиды. Бүгін сыныптың ата-аналары бірауыздан балаларымызды мектепке жібермейміз деп шештік. Өйткені мұнда суық. Тіпті ғимараттың ішінен гөрі, дала жылы ма деп қаласыз. Ата-аналармен болған жиналыста мектеп басшылығы бір-екі күндікте мәселе шешіледі деген. Бірақ еш әрекет байқап тұрған жоқпыз. Қайта балаларды қашықтан оқуға жіберіп жатыр.
Мектеп басшылығын ата-аналардың шағымын біраз шамдандырған сияқты. «Талаптарының бәрін орындадық» деген олар, жылу да апта соңына дейін қосылады деп сендіріп отыр.
Мақсат Төрегелдиев, мектеп директорының міндетін атқарушы:
- Жылу екі-үш күнде қосылады. Қазір 35 минуттан болды сабақ. Ертеңнен бастап онлайн режимге жіберіп жатырмыз. Бейсенбі немесе жұма күні болады. Мен ата-аналардың наразылығына таң қаламын. Автобус сұрады. Автобус жүріп жатыр. Тротуар жасап жатыр, оны әкімдік жасап жатыр. Газ тартылған, келіп тұр. Қиынды керек, оны жағаннан кейін қосады. Ауыз су болғанда диспенсер қойылады. Диспенсер қоямыз , ішеді.
600-ден астам оқушы білім алатын мектеп расымен азынап тұр. Оны қаңырап бос тұрған киім ілгіштерден де байқайсың. Ал мектепке жылу беру үшін осы маңдағы ауылдарда газды уақытша түгел өшіру керек екен. Ол үшін мектеп басшылығы әкімдіктен рұқсат күтіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!