Бір аулаға 130 ит қамап қойған – Алматы облысы
Иттермен көрші тұрудың азабы. Алматы облысында бір аулаға қамалған 130 ит көршілерінің әбден мазасын қашырды. Антисанитария өз алдына, жұрт далаға шығудан қорқатын болған.
Автор: Асқарбек Қазанғап
12.10.2021
Айтуларынша, тамызда лек-легімен қаңғыбас иттерді әкелген адамның өзі ұшты-күйлі жоқ. Аштан бұратылған жануарды қазір еріктілер әкетуге дайын. Бірақ иттердің біразы ауруға шалдыққандықтан алдымен емдеу қажет екен. Ал, жергілікті ветеринарлар мен әкімдік бұл жағдайға қатысымыз жоқ деп жауапкершіліктен ат-тонын ала қашты.
Талғар ауданының Наурыз саяжайында небәрі 40 шақты үй түтінін түзу түтетіп отыр. Бірақ мамырдан бері күндіз-түні тыныштық дегенді ұмытты. Жалға берілген бұл баспананың ауласы итке толғалы айнала азан-қазанға айналған.
Гүлдерай Қошқарова, Наурыз саяжайының тұрғыны:
- Осы үйдің иесі бір кісілерді алды, Тамара Головина деген. Ол кісілер басында өзіміздің итіміз деп, 11 ит алып келген екен. Соңынан қарасақ, ол иттер көп екен, жертөледе, моншада сақтаған. 1608 Ары қарай учасккелік полиция шақырып шағым жасағаннан кейін Тамара Головина қашып кетті. Бұл иттердің арасында көршілеріміздің қоқысының ішінен өлген иттер шықты. Өздерінің ауласына көміп тастаған екен. Көлге тастаған иттерді.
Меруерт Аяшинова, Наурыз саяжайының тұрғыны:
- Алыс, халықтан бәлен шақырым жерде тұру керек қой. Онсыз да оңып жатқанымыз жоқ, экологиядан. Көмірдің, күннің өзі де зиян. Алып кету керек, бітті. Келген кісілер түзу қарайтын адамдар емес, ішкіш.
«Тамара Головина екі жеп биге шықпақ болған» - дейді тұрғындар. Яғни иттерді күтіп, бағамын деген желеумен, кемі 20-30 мың теңгеден жинаған. Жеме-жемге келге із-түссіз жоғалыпты. Қараусыз иттерді қазір еріктілер алып кетіп жатыр.
Әу баста бұл жақта 130 ит ұсталған. Қазір 70-сі қалды. Бір бөлігі үйдің ішінде. Жартысы далада жүр. Сырт адамның мұнда аяқ аттап басуы қауіпті. Өйткені иттердің бәрі қабаған. Сондықтан ішке кіруге тәуекел етпейміз.
Қабағаннан бөлек, қалған иттердің көбі ауру болып шықты. Еріктілер шетінен емдеп, жазылғандарын арнайы ит күтетін жерге апарамыз дейді.
Лилия Ивашева, зооқорғаушы:
- Тұрғындар бізге тамыздың аяғында хабарласты. Келіп, қоқыстарды шығардық. Иттердің бәрі аш. Емдеп жатырмыз. Тамара Головина бәрін тастап қашып кеткен. Әрине, мұндағы адамдарға өмір сүру қиын екенін түсінеміз. Осыған дейін 30 итті емдеп алып кеттік. Бірақ бәрін бірдей алып кету мүмкін емес. Сәл уақыт керек.
Мұндағы жағдаймен жергілікті әкімдіктің де, аудандағы ветеринарлық инспекцияның да шаруасы жоқ. Заң бойынша тұрғындар сотқа арыз жазып, соның негізінде ғана иттерден құтылады деп қол қусырып қарап отыр. Ал жұрт не құзырлы органнан, не еріктілерден қайыр болмай ма деп қапалы
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!