Ұлттық жоспар: 2025 жылдан бастап ауыл адам танымастай өзгереді
Қазақстандағы ауылдар 2025 жылдан бастап адам танымастай өзгереді. Айнадай жолдар салынып, жылдамдығы тез интернет тартылады. Жарық пен судан халық тарықпайды. Баспана іздеп әр жерге сабылмайды. Тұрғын үйлер бой көтереді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
12.10.2021
Үкімет бұның барлығын бүгін бекіткен ұлттық жоспар аясында жасап көрмек. Тәуелсіздіктің 30 жылында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші 100 пайызға жетпеген ауылдардың бес жылда жағдайы оңалатынына сарапшылар күмәнмен қарайды. Бұқара да аса сенбейді. Тіпті қазірдің өзінде жұрт өзін 21-ші ғасырда өмір сүргендей сезінбейді. Ауыз сусыз күн көріп жатқан ауылды тілшіміз аралап келді.
Қоянды ауылы елордаға іргелес жатқанымен, проблемалары шаш етектен. Жарыққа төлейтін тариф – қымбат, жол ойқы-сойқы, тұщы суды халық тек түсінде ішеді. Судың жоқтығынан кір жуатын машина да керек болмай қалыпты. Нұр-Сұлтаннан су тасу жұрттың күгделікті әдетіне айналған. Мың теңгесін 20 бөтелке су толтыруға жұмсайды.
Дүйсенкүл Бисенова, Қоянды ауылының тұрғыны:
- Тұщы судың тұзының көптігі соншалықты, үйдегі екі кіржуғыш машинаны сындырдым. Істемей қалды. Одан кейін үйдегі кранның айналасы тұзға үйіліп қалады. Тұздан жүрмей қалады. Тұздан атылып кетеді. Біз 21- ғасырда өмір сүріп жатқан жоқпыз, қарағым. Бізден айдаладағы қойшылардың күні жақсы шығар.
Қояндылықтар әкімдіктің табалдырдырығын әбден тоздырған. Тіпті ауыл басшысы бұларды көрсе тұра қашатын күйге жеткен. Шенеуніктердің құрғақ уәдесінен шаршаған тұрғындар құдықтың тұзды суын пайдалануға мәжбүр.
Кәдімгі су сорғысы. Жылына тұрғындар осындайдың үш-төртеуін пайдаланады. Біреуі 18-20 мың теңгедей. Судың тұзының кесірінен әрбір су сорғышты тот басып, іске жарамай қалады.
Жалпы Қояндының әр үйінде құдық бар. ол құдық тоққа қосылған. Сөйтіп су алады. бұл суда тұз көп, яғни ішуге жарамсыз.
Дегенмен мұндай проблемалар уақытша. Үкіметтегілер осылай дейді. Бүгін Министрлер кабинетінің мүшелері 2025 жылдан бастап қазақстандықтардың алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасайтын ұлттық жоспарды бекітті. Олардың пайымынша, ауылдарда іске асатын игі істердің қаладағыдан айырмашылығы болмайды. Жол сайрап тұрады, су сырылдап ағады, интернет жылдам жұмыс істейді, баспаналар бой көтереді.
Әсет Ерғалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру қызметі 100 пайыз қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. ді. 2025 жылдың соңына дейін даму әлеуеті бар 3561 ауылды жаңғырту жоспарлануда. 103 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Республикалық автожолдың барлығы және жергілікті деңгейдегі автожолдардың 95 пайызын жақсы жағдайға жеткізу көзделіп отыр.
Ал сарапшылар тәуелсіздік алғаннан бері түрлі бағдарлама іске қосылды, нәтиже бергені бар болғанымен, діттеген мақсатқа Үкімет жете алмады дейді. 30 жылда бітпеген шаруаны бес жылда аяқтаймыз деген атқарушы биліктің уәдесіне күмәнмен қарайды.
Сапарбай Жобаев, экономика ғалымдарының кандидаты:
- Төрт жылда бүтін бір Қазақстанның ауылдарын қамтамасыз етеміз дегені популистік нәрсе сияқты. Екіншіден, білім деді. Көбірек мектеп саламыз, оларды азайтамыз, бірақ оларды тола шешеміз деуден гөрі, жартысына кемітеміз немесе 10 пайызға кемітеміз деп айтса болар еді. Бізде ең көп салған жылымыз 15 млн. шаршы метр. Оны енді бес жылға көбейтсең, 75 болады. Қайтып ол 103-ке шығып жатыр. Мен осыған күмәндандым.
Бұл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жоспары аясында жүзеге асырылатын жобалар қазынаға көп иек артпайды. Мемлекеттен гөрі, бизнесмендер күш салмақ. Ұлттық жоспардың 65 пайызына инвестиция тартылады. Қаржы құятын қалталы инвесторларды іздеу шенеуніктердің күн тәртібінен түспейін деп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!