Талғар: Саяжай тұрғындары үйінен шыға алмай отыр
Талғар ауданы қарасты саяжай тұрғындары уақтылы жұмысына барып келе алмай отыр. Ал балалары апталап сабақтан қалуда. Өйткені мидай езілген жолмен жүру мүмкін емес. Тегіс жолды сол маңдағы жеке кәсіпкерлер жауып тастаған.
Автор: Елдос Есенбол
13.10.2021
Бес айдан бері тұрғындардың көмек сұрап қақпаған есігі жоқ. Бәрі де құрғақ уәдемен шығарып салады дейді.
Бес жылдан бері емін-еркін жүріп-тұрып келген бұл жандар бес айдан бері шарасыз күйде. Өйткені саяжайдан жұмысқа, мектепке қатынайтын жолды кәсіпкерлік нысан жауып тастаған. Көлік кіре алмайды, ми батпақ. Өздері сағаттап жаяу жүруге мәжбүр. «Жұмыстан кеш шықсақ,үйімізге қас қарая бір жетеміз», - дейді. Ересектердің уақыты балаларды мектепке апарумен өтеді.
Ұлан Әбдірахманов, саяжай тұрғыны:
- Балалар сабаққа барып та жүрген жоқ. Мысалы, менің үйімде төрт бала оқиды. Түске дейін екеуін апарамын,түстен кейін екеуін апарамын. Күні бойы сол балаларды тасумен жүреміз. Жаяулап, жалпылап. Балшық болып жатыр жолдың бәрі.
Күнделікті жұмысқа барып-келу бұл жандарды алаңдатқан жалғыз мәселе емес. Жақында осы аумақ өртенген кезде, өрт сөндіруші машина кіре алмаған. Шарасыз тұрғындар өртті өздері сөндірген. «Тіпті кенет сырқаттанып қалсақ, жедел жәрдем келе алмайды,, - дейді.
Құралай Ғалиева,саяжай тұрғыны:
- Жуырда бір келіншек кішкентайлы болып, жедел жәрдем келе алмай қалды. Өзім ауырып, мұрнымнан қан кетіп, жедел жәрдем шақыртқанда, ол өте алмады.
Тұрғындар айтып тұрған жолдың сиқы жаман. Жол талғамайтын көлік болмаса жүру мүмкін емес. Жаңбыр жауғанда ми батпақ, құрғаса шаң-тозаң. Алда қыс келіп қар түскенде жағдайы қандай болатынын елестетудің өзі қорқынышты. Осылай деп базынасын айтқан тұрғындарға Медеу ауданы әкімдігінің жауабы қысқа болды.
Айдос Нұрлыбаев, Медеу ауданы әкімінің орынбасары:
- Өзіміздің ауданға тиесілі сұрақ болатын болса, біз жауапкершілікті мойнымызға аламыз, шешеміз. Бұл жер Медеу ауданы, бірақ тұрғындар Алматы облысы Талғар ауданына жатады.
Мәселенің шешімін Талғар ауданына сілтеген тек Медеу ауданы емес. Жолды жауып отырған кәсіпкерлік нысаны да осындай уәж айтты. Бұндай қадамға бармас бұрын тиісті органдарға ескертіпті.
Азамат Дүйсенбай, заңгер:
- Бұл жер арнайы экономикалық аумақ. Мұнда инфрақұрылым жүргізіліп жатыр. Сондықтан біздің бұл жолмен қозғалысты шектеуге заңды құқығымыз бар. Жолды жабатынымызды айтып Талғар аудандық әкімдігіне хат жолдадық. Алдын-ала ескерттік
Талғар аудандық әкімдігі бізге ешкім алдын ала ескертпеді дейді. Кәсіпкерлік нысаннан хат екі ай бұрын ғана келіпті. Жекеменшіктегі жерге бұйрық жүргізу біздің құзырымызға кірмейді деп отыр.
Ермек Толқынов, Талғар ауданы әкімінің орынбасары:
- Архитектура заңына сүйенсек, саяжай жерін пдп-ға кіргізе алмай отырмыз. Жер кодексіне сүйенсек, жерді сатып алуға, пдп-сыз біздің хақымыз жоқ.
Талғар ауданы әкімдігінің сөзінше, мәселенің жалыз шешімі – айналма жол салу. Ол үшін тұрғындар әлі бір жыл қара жолмен жүріп-тұруға мәжбүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!