Лаңкестік әрекет жасағандарды өлім жазасына кеспеуі мүмкін
Қазақстан лаңкестік әрекет жасағандарды өлім жазасына кеспеуі мүмкін. Қылмыстық кодекстің тағы 12 бабынан өлім жазасы алып тасталмақ. Мәжілісмендер бұл өзгерістерден кейін елде қылмыс көбейіп кете ме деп алаңдайды. Прокурорлар депутаттарға басу айтып әлек.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
13.10.2021
Өлім жазасы қылмыс санының төмендеуіне немесе өсуіне әсер етпейді. Оған дәлел түрлі зерттеулер де бар екен. Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы жайлы:
Қазақстанда осы уақытқа шейін қылмыскерлер 17 жағдай бойынша өмірімен қоштасты. Соның ішінде терроризм, соғыс кезіндегі ауыр қылмыстар және президентке қастандық жасағандар да өлім жазасына кесілді. Енді ауыр жазасы 13 баптан алып тасталынбақ. Ал Қылмыстық кодекстің 4- бабында асқан жауапкершілік сол күйі қалады.
Әсет Шындалиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
- Ескертпеге сәйкес, Қазақстан соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар үшін кінәлі деп танылғаннан кейін, соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырды.Қылмыстық кодекстің 4- бабында осы жаза сақталады. Олар басқыншылық, жаппай қырып-жою қаруын қолдану, әскери тұтқындар мен азаматтық тұтқындарды өлтіру арқылы соғыс заңдары мен дәстүрін бұзу, соғыс уақытында жасалған геноцид.
Жалпы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап 536 өлім жазасы орындалған. Соңғысы 2003 жылы тіркеліпті. Ал 2016 жылы полицейлерге қарулы шабуыл жасаған Руслан Күлекбаев Алматыда жасаған теракт үшін өлім жазасына кесілген. Алайда артынша ол мораторийге ілігіп, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын алды. Енді жаңа заң жобасына сәйкес мұндай террористік акті, диверсия жасағандар, тіпті президенттердің өміріне қауіп төндіргендер өлім жазасына кесілмейді, олар өмір бойына темір торға тоғытылады. Дегенмен депутаттар гуманизмге бастаған жол қазақстандықтардың қауіпсіздігін сақтайтынына күмәнмен қарайды.
Артур Платонов, Мәжіліс депутаты:
- Әлемдегі жағдай лаңкестіктің шекарасы жоқ екенін көрсетіп отыр. Бұл әлемдік қоғамдастық үшін қазіргі заманғы басты қауіптің бірі. Ауғанстан мен басқа да елдерде не болып жатқанын көріп отырмыз. Осыған байланысты айтыңызшы, терроризм, жалдамалылық, диверсия үшін өлім жазасын алып тастау арқылы мемлекетіміз бен азаматтарымыздың қорғанысын әлсіретіп жатқан жоқпыз ба?
Әрине, Бас прокуратураның бұған нақты жауабы жоқ. Құқыққорғаушылар тек ресми статистикаға сүйенеді. Өлім жазасынан бас тартқанға дейін адам өлтіру үш есе көп болған. Сондықтан қылмысқа өлім жазасының түк қатысы жоқ және онымен террористі қорқыту мүмкін емес. Ал сарапшы мамандардың ойы мүлдем бөлек. Ауыр қылмыстардың арты өлім жазасымен аяқталуы тиіс.
Айдар Әлібаев, экономист:
- Террористік актіні жасайтын адамдар қылмысты сенімділікпен істейді. Кейін ол сотталады, сосын қандай да бір шарттар бойынша, бостандыққа шықса, ол бұл қылмысты қайтадан жасай алады. Сондықтан мен лаңкестік қылмыстарды жасаған адамдар үшін ауыр жазамен жазалануы тиіс деп санаймын. Менің ойымша, террористерге қарсы жазасын алып тастамау керек.
Сарапшылар бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қылмыстардың тізімі, толықтырылғаны дұрыс деп санайды. Ең алдымен бұл педофилдерге және қасақана, ерекше қатыгездікпен өлтіретіндерге қатысты.
Қазақстанда өлім жазасының күшін жою қолданыстағы мерзімсіз мораторийдің күшін жоймайды. Біздің еліміз осындай міндеттемелерді 2007 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының екінші сессиясы кезінде құптап қойған. Жалпы әлемде гуманизм жолында жүзге жуық ел және өлім жазасын қолданатын 80-нен астам мемлекет бар. Қай жерде қылмыстың төмендегенін дөп басып айту өте қиын. Бірақ кейбір мемлекеттер өмір бойы түрмеге қамалғандарды пайдаланып, қазына қаржысын қомпайтады екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!