Көкшетауда газ жарылып, үш пәтердің тас-талқаны шықты
Сапасыз құрылыс сақтап қалды. Көкшетауда көпқабатты үйде газ жарылып, екі адам ауруханаға жеткізілді. Күшті дүмпуден 3 пәтердің ортақ қабырғалары қақырап, терезелері тас-талқан болған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
13.10.2021
Өйткені мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің ішкі қабырғалары гипсокартонмен бөлінген екен. «Егер кірпіш болғанда үйінді астында қалар едік», - дейді тұрғындар. Кешелі-бері үрей үстінде жүрген жұрттың жағдайын тілшіміз біліп келді.
Оқыс оқиға кешкі сағат жеті шамасында болған. Жарылыстан бір сағат бұрын ғана «Газқызмет» серіктестігі газ құйып кетіпті. Өйткені бұл үйлер табиғи газға қосылғанымен, жыл он екі ай газ баллонын пайдаланады екен. Осы жолы да бір апта газсыз отырған. Екінші қабатта жарылыс болғанда жұрттың бәрі кешкі асқа жайғасқан. Олар қатты дүмпуден шошып бала- шағасымен сыртқа қашып шығыпты.
Күләй Нәкенова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Әйтеуір қашып шықтық. Менің пәтеріме екі жақтан ортақ қабырға құлады. Қайта гипсокартонмен жасалған. Әйтпесе астында қалар едік. Бір апта газ болмаған. Енді баллон ұстамағанда не істейміз? Тамақ ішпейміз бе?
Тұрғындардың гипсокартон дегені мемлекеттік бағдарламамен берілген үйдің қабырғалары. Мердігер пәтерлердің арасын осылай сапасыз материалмен бөле салған. Көршілер келесі подьездегі шуды естіп отырамыз дейді. Аралық қабырға кірпішпен бөлінгенде үйінді астында қалар едік деп күліп қояды. Мамандар апат болған үйді тексеріп үш сағаттан соң тұрғындарды пәтерлеріне жіберді. Жарылыстан кейін баспананың іші астаң-кестең болған. Осыған ашынған тұрғындар «Газқызмет»серіктестігінің басшысына дүрсе қойды.
- Бір ай болмады, біз қанша рет айттық?!
- Қанеки, айқай-шусыз, жақсы ма?
- Газ шықпаған. Тіпті терезені аша алмаймыз!
- Бұл оқиға, жарылыс «Газқызметтің» кесірінен болған жоқ!
«Жарылысқа қатысым жоқ» деп ақталған «Газқызмет» серіктестігінің басшысы көпқабатты 55үйді көгілдір отынмен қамтамасыз етеді екен. Бірақ газгольдер түгел тозған дейді тұрғындар. Соның кесірінен айлап газ болмайды екен. Ал осы жолғы жарылысқа нақты не себеп болғанын тергеу анықтайды.
Нұрлан Атығаев,Ақмола облысы ТЖД бастығы:
- Ауада жинақталған газ жарылды.Оқиға бір бөлмелі пәтерде болды. Екі әйел ауруханаға жеткізілді. Адам шығыны жоқ. Үш пәтер бүлінді. Қазір жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Болған жағдайдың себеп-салдары анықталатын болады.
Денесін күйік шалған екі әйелдің халі орташа. Облыстық ауруханада ем-дом алып жатыр. Ал жарылыста бүлінген үш пәтерді кімнің жөндейтіні әзірге белгісіз. Белгілісі, үш отбасы пәтерлерінің арасын бөліп тұрған қабырға енді жоқ. Терезелерінің де тас-талқаны шығып шашылып жатыр. Жалпы Көкшетау қаласында газ – шешімін таппай келген мәселе. Көпқабатты үйдердің 60 пайызы газ баллонын пайдаланады. Қауіп қай жақтан келерін олар да білмейді
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!