Әлемде 700 миллиондай халық азық-түліктен тарығып отыр
Әлемде 700 миллиондай халық азық-түліктен тарығып отыр. Тамақ тапшылығы жылдан-жылға күшейе түсуі мүмкін. Ал Еуразиялық одаққа мүше елдерде мұндай проблема болмаса да, нарық әлемдік бағаның өсуінен қысымға ұшырауда.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
14.10.2021
Қазақстан президенті Жоғары Еуразиялық экономикалық одақтың отырысында осындай өзекті мәселені ортаға салды. Одақ елдері азық-түлік қауіпсіздігі туралы ортақ құжат әзірлеген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР президенті:
- Құжат азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге, тапшылықтың туындау тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған шараларды, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенінде пайдаланылатын материалдық техникалық ресурстардың импортын алмастыру жөніндегі шараларды қамтиды. Аталған құжаттың маңыздылығын ескере отырып, оны Алматыдағы Кеңес отырысында бекітуді ұсынамын. Құжат жүйелі, практикалық өзара іс-қимылға және нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижелер алуға бағдарланған болуы тиіс.
Азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттағаны біздегі дүкен сөрелерінен анық байқалады. Өнімдердің құны ай санап емес, апталап өсуде. Үкімет күнделікті халық тұтынатын азық-түліктің бағасын тұрақтандыруда бірнеше бағдарламаны іске қосып, бюджеттен миллиардтап ақша бөлгенімен нәтижесі көңіл көншітпейді. Импортқа тәуелділік тағы бар. Биыл 9 айда инфляция жеделдеп 9 пайызға дейін өсті. Ал бұлай азық-түліктің қымбаттауына Министрлер кабинеті пандемияны кінәлаудан жалықпай жүр.
Бүгін президенттер де осыны айтты. Мемлекет басшылары әлемді жайлаған күшті індетті жеңу үшін одақ елдері аумағында фармацевтика мен ғылым саласындағы біріккен жобаларды жүзеге асыруға келісті. Тоқаев бұл тұрғыда Қазақстанның коронавирусқа қарсы өз вакцинасын әзірлегенін айтып өтті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!