COVID-19: Бір күнде 35 адам қайтыс болды
Елімізде коронавирус пен пневмониядан бір күнде 35 адам қайтыс болды. Аталмыш кеселдің кесірінен 185 адам хәл үстінде жатыр. Барлығы арнайы аппаратқа қосылыпты. Мамандар «қызыл» аймақтағы бес өңірде эпидахуал еш түзелмей тұрғанын айтады.
Автор: Жаңалық Ахаш
15.10.2021
Тіпті Солтүстік Қазақстан облысында толық локдаун енгізілуі мүмкін.
Арман Көшбасов, СҚО санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Егер жағдай осылай кете беретін болса, мекемелерге, кәсіпорындарға толық локдаун егізуге мәжбүр боламыз. Мұндай қадамға қазір «қызыл» аймақта тұрған кездегі қолданған шараларымыз нәтиже бермесе, тұрғындардың денсаулығын ойлағандықтан барамыз.
Қызылжар өңірінде вирус жұқтырғандар саны күн санап артып барады. Әсіресе Петропавл қаласы мен Жамбыл, Мағжан Жұмабаев аудандарында қауіпті індеттен ауруханаға түскендер көп. Аймақтағы инфекциялық керуеттердің жартысына жуығы науқастармен толыққан. 115 адам жансақтау бөлімінде жатыр.
Ал күні кеше «жасыл» аймаққа ауысқан Ақтөбе облысы бір күнге жетпей қайта «сары» деңгейге көшті. Бұл жақта да COVID-19 вирусы анықталғандар көбейіп кетіпті. Соңғы бір аптада осы кеселден 15 адам көз жұмды. Дәрігерлер жансақтау бөлімінде жатқан 37 ақтөбеліктің жағдайына алаңдап отыр. Арасында үш жүкті келіншек бар.
Бекболат Ізбасаров, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазір 107 бала бақылауда. Оның үшеуі стационарлық ем алуда. 28 жүкті әйел бақылауда. Оның 25 стационарда ем алуда. Үш әйелдің жағдайы ауыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!