Қарағанды облысында мектеп-интернат жабылудың аз-ақ алдында тұр
Қарағанды облысында мінез-құлқы нашар балаларға арналған мектеп интернаты жабылу алдында тұр. Себебі: өткен жылдан бері сот шешімімен мекемеге бала жіберу тоқтатылған. Ақыры мектеп интернатта 1-ақ оқушы қалған.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
18.10.2021
Сондықтан жоғарыдағылар мекемені жабуды көздеп отыр. Ал ұжымдағы 44 адам: «Мектеп-интернат жабылса, жұмыссыз қаламыз» - деп шырылдайды. Айтуыларынша, білім басқармасы интернатқа бала жіберткізбей, материалдық-техникалық базасы мықты мектепті құрдымға кетірмек. Бірақ шенеуніктер оқушысы жоқ мектепті қаржыландырмаймыз деп кесіп айтты.
Қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті, информатика кабинеті, арғы жақта тағысы тағы бар. Мектеп дәлізінде балалардың жүгірісі мен сыңғырлаған күлкісі естілмейді. Өйткені 14 пәннің мұғалімі бір-ақ балаға сабақ береді. Қоңырау да сол үшін соғылады.
Қостанайдан келген 10-сынып оқушысы орыс тілінен сабаққа қатысып отыр. Одан кейін еңбек пәнінде ағаш жонуды меңгеруде. Осылайша кесте бойынша әр пән мұғалімінің алдынан өтеді. Осы балаға екі қабатты мектеп пен интернат жұмыс істеп тұр. Күзетшіден директорға дейін 44 адам өз орындарында. Айтуларынша, 100 бала жатса да, қарауға қауқар бар, бірақ интернатқа бала жібермей қолды байлап қойған.
Жанар Жазғыбекова, педагог-психолог:
- Қарағанды облысының бәрін қамтып отырғанбыз. Қазақстан бойынша көп облыстардан келді. ШҚО, БҚО, Алматыдан да келетін. Көп жердегі балалар келді. Барлығы риза боп кететін. Өйткені ауылдық адамдар өте қарапайым мейірімді адамдар. Бұл жерде мысалы материалдық база барлығы бар. Мысалы, далада бізде жүретін жер бар, қалалық жерлерде биік қабат үйлерде балалар қамалып отырады.
Қарағандыдан 100 шақырым жерде орналасқан мекемеде бірнеше корпус бар. Асхана, жатақхана, бірнеше шеберхана мен мектеп. Мұнда ауылшарушылық техникасы мен тоғыз ірі қара да болған. Балаларды трактор жүргізіп, мал бағуға баулыпты. Осы жазда сол дүниені басқа оқу орындарына әкеткен. Содан-ақ ақ секем алған ұжымдағылар «енді өзімізге де тықыр таянды» деп отыр.
Айгүл Сыздықова, мейірбике:
- Жасым биыл 56-ға келеді. Не зейнетке шыққан жоқпын, не жұмыс жоқ. Кейбір балалар келеді, ақ төсек дегеннің не екенін білмейді. Өте кір балалар келетін. Соның бәрін жуып-тазалап мейрім көрсетеміз. Көбіана мейірімін көрмеген. Көбі сондай балалар болды, солармен жұмыс жасадық. 19 жыл болды.
Облыстық білім беру басқармасындағылар мектеп-интернаттың жабылатынын растады. Себебі: жыл өткен сайын мекемеге келетін бала саны азайып бара жатыр. Ал санаулы балаға қарайтындарға бюджеттен жылына 144 миллион теңге бөлу ысырап екен. Сондықтан сотталған балаларды Қазақстандағы осындай мекемелерге тарату шешімі шыққан.
Алма Қаңтарбаева Қарағанды облысы білім басқармасының бөлім басшысы:
- Елімізде құқық қорғау саласы мен сот жүйесінде гуманизация процесі жүріп жатыр. Олар баланы отбасынан айырмауға тырасады. Сондықтан жыл сайын интернатқа жіберілетін балалар саны азайып келе жатыр. Осыны ескеріп, біз мектепті жауып, басқа бағытта жұмыс жасайтын мекемеге айналдыру керек деп шештік.
Мекемені жазғы лагерьге айналдыру немесе ауыл балаларына қосымша сабақ пен спорт үйірмелері орталығын ұйымдастыру ойдда бар екен. Сонда ғана интернаттағы жұмысынан айырылғандарға орын табылып қалар дейді. Бірақ ойлағаны іске асқанша, жұмысты өздері іздесін деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!