Ақтөбеде 50-ге тарта көпқабатты үй жылусыз қалған
Ақтөбе іргесіндегі 50-ге тарта көпқабатты тұрғын үй жылуға жарымай отыр. Өйткені Қарғалы ауылындағы жылу құбырлары әбден күз түскенде ауыстырыла бастаған. Соның салдарынан жүздеген отбасы қара суық баспанада бүрсеңдеп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
19.10.2021
Жылудың жоқтығынан бір мектеп сабақ кестесін өзгертіп, қосымша пәндерді қашықтан оқытуға көшкен. Мердігер компания басшылары әкімдіктің тендер қортындысын жаз соңында жариялағанын айтады. Сондықтан жұмыстарына кеш кірісіпті.
Қарғалы ауылындағы орта мектеп оқушыларын бір күнге демалысқа жіберген. Жиырма күннен бері электр пешімен жылытып отырған білім ошағында жарық сөніп қалыпты. Электр желісін бүгін іске қосқанымен, жылудың әзір берілетін түрі жоқ. Сондықтан сабақ кестесін өзгертіп, суық бөлмеде оқушыларды бүрсеңдетпес үшін дәрістің жартысын қашықтан оқытуды жөн деп шешкен.
Жасұлан Жанайдаров, Қарғалы қазақ орта мектебінің директоры:
- ТЖБ немесе БЖБ алынбайтын және баға шығарылмайтын сағаттардың бір-екеуін қысқартуға мәжбүр болып отырмыз. Қысқартқанда онлайнға жіберіп, солай амалдап отырмыз.
Жұмысшылар жылу құбырын жаңартуға күні кеше кіріскен. Ауыл тұрғындары жөндеуді қыс түскенде аяқтай ма деп қорқып отыр. Қазірдің өзінде пәтерлері суықтан азынап тұр. Сондықтан тоңып отырғандар қыстың қамын жазда ойламаған шенеуніктерге наразы.
Боранбай Нұрсейітов, Қарғалы ауылының тұрғыны:
- Жаздай не істеген, білмеймін. Соны істеп қоюға болатын еді ғой. Енді кірісіп жатыр. Жаздай тұрған құбырларды енді жалғап жатыр. Қыс түсті. Ертең қараша. Күздің аяғы, су қатады.
Қалыбек Шатаев, Қарғалы ауылының тұрғыны:
- Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Осы күні отырғанымыз мынау. Шөбереміз екі жаста. Электр плитаны қосып қоямыз. Сосын екі конфорканы ашып, солай жылынамыз. Әкімдік қайда қарап отыр? Өздері жылы үйде отыр. Шенеуніктерге бәрібір.
Жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер компания басшылары тендер қортындысы кеш жарияланды деп отыр. Онымен қоса шойын құбырлардың бағасы қымбаттап, Ресейден жедел жеткізуге мүмкіндік болмапты.
Махамбет Әжібаев, мердігер компаниясы директорының орынбасары:
- Мемлекеттік сатып алуды жай өткізді. Соған байланысты бүгін жылуды бере алмай отырмыз. Құбырлар кеш келді. Ресейде зауытта ұзын кезек. Біз құбырға ақшаны алдын ала төлегенбіз. Бағасының өсуіне байланысты олар бізбен шартты бұзып, басқа бағамен сатты. Сол себептен кешігіп жатыр.
Әкімдіктегілер көктем шығысымен жылу құбырларын жөндеуге тендер жарияладық деп отыр. Жаз соңына дейін оған ешбір компания қатыспай қойыпты. Енді амалдың жоқтығынан күзде күрделі жөндеу жүргізіп, келесі аптаға дейін жылу барлық үйге беріледі деп уәде беруде. Бірақ оған тұрғындар сенбей отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!