Жекеменшік балабақшалар жаппай жабылуы мүмкін – Түркістан облысы
Түркістан облысындағы жекеменшік балабақшалар жаппай жабылудың аз алдында тұр. Себебі мектепке дейінгі мекемелер үш жылдан бері әр балаға берілетін субсидияға жарымадық дейді. Сондықтан қызметкерлерге жарытып жалақы төлей алмай отыр екен.
Автор: Бек Әбиев
19.10.2021
Мәселені айтып талай табалдырықты тоздырғандар бүгін плакаттарын арқалап облыс әкіміне бір-ақ барды.
«Қаржы тапшылығынан қажыдық» деген 150-ге жуық жекеменшік балабақша құрылтайшысы бүгін Түркістан облысының әкіміне келді. Шенеуніктердің көзіне ілінеміз деген үмітпен көпшілігі плакат ұстап алыпты. Айтуларынша мемлекеттен берілетін қаржы бала басына 25 мың теңгеден аспайды екен. Ал үш жыл бұрынғы министрліктің бұйрығы бойынша қаладағы бақшалар үшін 37 мың, ауылдағылар үшін 41 мыңнан кем болмауы керек. Бірақ бәріне ортақ бұл заң Түркістанда жүрмейді дейді. Сондықтан мардымсыз жалақыға жұмыс істейтін тәрбиешілер жаппай жұмыстан кетіп жатыр екен.
Ділдар Хабибова, Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымастығының өкілі
- Бұл жерде біздің, біріншіден, балалардың құқы тапталып жатыр. Екіншіден, кәсіпкерлердің құқы тапталып жатыр. Үшіншіден, педагог кадрлардың құқы тапталып жатыр. Өзге облыстар 50-40 мыңнан алып жатқанда, Түркістан ғана 25 мың. Сондықтан біздің білікті мамандарымыз, тәрбиешілеріміз жұмыстан босап кетіп жатыр. Жоғары санаттағы тәрбиешілеріміз базарға шығып жатыр.
Бүйте берсе 40 мыңға жуық балабақша қызметкері жұмыссыз, ал 115 мың бүлдіршін балабақшасыз қалуы мүмкін екен. Күңгейдің түкпір-түкпірінен жиналғандар облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевті күткен еткен еді. Бірақ басшы шыға қоймады. Есесіне тайлы-тұяғы қалмай жиналған шенеуніктер наразы топты жақын жердегі ғимаратқа кіргізді. Қос бірдей әкім орынбасары «ақша жоқ» деген «әләуләйлімді» бастағаны сол еді, кәсіпкерлер ауыз аштырмады.
Осы басқармада тоғыз миллиард ақшаны жымқырғаны үшін адамдар жауапталып, іс қозғалып жатыр. Оның бәріне қол қойған мына Сәкен. Оны мен айтайын түсінікті ғып, мемлекеттік колледждерге берілетін грандты бұл кісілер сатқан. Жекеменшік грандтарға. Екі жылға несі 9 миллиард ақша. Оны аудит тексеріп іс қозғалған.
Даурыққан топ балабақшаларға берілуі тиіс миллиардтар Түркістанды көркейтуге кеткенін де айтқан еді. Бірақ, атқамінерлер мұның бәрін жоққа шығарды. Айтуларынша, бірнеше жылдан бері қаржы министрлігіне телмірумен келеді екен. Бірақ, өзге өңірлерге келгенде жомарт министрлік, Түркістан облысына тиын татырмай отырған көрінеді.
Амантай Өсербаев, Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
- Білім және ғылым министрлігі тарапынан бізден қолдау тапты. Оны қаржы министрлігіне БҒМ ұсынды. Бірнеше рет ұсынды. Қазір қаржы министрлігі тарапынан қолдау таппай отыр.
- Қаржы министрлігі біздің облысқа өкпелі ме әлде қалай?
- Бұл сұрақты білмеймін. Бюджет тапшылығынан.
Қарша бораған сұрақтардан ықты ма, әлде жиналғандардың ашуынан сескенді ме, әйтеуір әкім орынбасарлары бала-бақша өкілдерімен бірге қаржы министрлігіне петиция жазып дереу жібереміз деп шешті.
Бірақ, облыс басшыларының мәселені «шешіп жатырмыз» дегенін жылдар бойы естіп келе жатырмыз дегендер сөзге сенбейді. Сондықтан мәселеге Үкіметте отырғандар атүсті қарамаса дейді. Әйтпесе онсыз да қарызға батып жатырмыз деген балабақша құрылтайшылары жаңа жылдан бастап жаппай жабылып тынамыз деп қорқып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!