Арнасы суалған Жайықтың жағдайы тым мүшкіл
Жылап аққан Жайықтың жайы табиғат жанашырларын тағы да алаңдатып тастады. Дабыл қаққан экологтар мен жергілікті тұрғындар арнасы суалған өзеннің қазіргі жағдайы мүшкіл дейді.
Автор: Мақсат Мәлік
19.10.2021
Өйткені суы қашқан өзеннің кейбір тұсын қара жаяу кешіп өтуге болады. Ал шенеуніктер сиқы кеткен Жайықтың жырын табиғи құбылысқа теңесе, белсенділер қоғам назарын аударатын кез жетті дейді.
Анатолий Ревенко, Орал қаласының тұрғыны:
- Біз әлеуметтік желіден Жайықтың қазіргі жағдайын көре сала осында келдік. Бұны орны толмас табиғат апаты деп айта аламын. Тіпті бұл маңдағы экожүйе үшін де кері әсері көп. Адамның жүрегін ауыртатын көрініспен қоғам болып күресетін уақыт жетті. Табиғат апатының алдын аламыз дегенге сенгім келеді.
Балығы тайдай тулаған Жайықтың қазіргі жағдайы осындай. Кей жерлерде өзеннің жұрнағы да қалмаған. Ағыс азайып, тіпті әр жерінде аралдар пайда болған. Су деңгейі осымен үшінші жыл қатарынан түсіп барады. Ал шенеуніктер өзеннің тартылуын табиғи құбылыс деп бағалағанымен, түрлі себебі де жоқ емес дейді. Өйткені биыл Орынбордағы Ирикла су қоймасынан су үш есе көп келеді деп болжанғанымен, нәтиже күткендей шықпаған. Тіпті желдің бағыты да өзендегі су көлеміне әсер етеді екен. Егер жел теңізге қарай соқса судың бәрі қашып кетеді. Кері соқса, көбейді.
Жауапты мамандар мұнай-газ компаниялары Жайықтың суын сорып алып, оңды-солды пайдаланып жатыр деген ақпаратты да растаған жоқ.
Ғалидолла Азидуллин, "Жайық-Каспий» бассейіндік инспекциясының басшысы:
- Бұл, біріншіден, табиғи құбылыс. Екіншіден, министрлік тарапынан Ресей Федерациясымен келісіп жол картасы жасақталды. Сол жол картасы бойынша сарапшылар өз деңгейінде жұмыс атқарып жатыр. Қазан айының аяғында сарапшылардың кеңесі болып нақты атқарылған жұмыс жөнінде мәлімет белгілі болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!