{metadescription}
Әкім орынбасарлары жауапқа тартылады. Карантин жеңілдетіледі
Әкім орынбасарлары жауапқа тартылады. Карантин жеңілдетіледі

Әкім орынбасарлары жауапқа тартылады. Карантин жеңілдетіледі

Қазақстанда вакцина алмағандарды жазалаумен қоса, әкім орынбасарлары да жауапқа тартылады. Үкіметтегілер өңірлердегі әріптестерін екпе қарқынына ілеспеді деп айыптады.

Бүгінде үш аймақта халықтың вакцина салдыруы өте баяу екен. Дегенмен Министрлер кабинеті елімізде ертеңнен бастап карантинді жеңілдеткелі отыр. Енді қандай нысандар қалай жұмыс істейді?

Өңірдегі әкім орынбасарлары коронавирусқа қарсы вакциналау жоспарынан кешіккені үшін жазаланады. Бүгін өткен үкімет отырысында Нұр-Сұлтан, Маңғыстау және Қостанай облыстары шенеуніктерінің екпе қарқынына ілесе алмай қалғаны айтылды. Бұл аймақтарда халықты иммундау көрсеткіші төмен.

Ералы Тоғжанов, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

- Ведомствоаралық комиссия отырыстарында өңірлерге вакциналау қарқынын жеделдету туралы бірнеше мәрте тапсырма берілген болатын. Бірақ ол тапсырма қажетті деңгейде орындалып жатқан жоқ. Вакциналау жоспарының орындалмағаны үшін әкімдік басшыларының жеке басымен жауапты екенін бекіту қажет. Егер вациналау бойынша оң динамика байқалмаса, осы саланы үйлестіретін әкімдердің орынбасараларына тәртіптік сипаттағы шара қолданған жөн деп есептейміз.

Денсаулық сақтау министрлігі ертеңнен бастап карантинді жеңілдетеді.  Тіпті эпидемиологиялық ахуалы айтарлықтай жақсы емес аймақтарда да. 70 пайыздан астам халықтың вакцина алғаны, ауру-сырқаудың азаюы, қайта жасақталған инфекциялық стационарлардың жабылуы қатаң шектеулерден бас тартуға себеп болыпты.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Ведомствоаралық комиссия 2021 жылдың 20 қазанынан карантинді жеңілдету туралы шешім қабылдады. Қарттар мен мүгедектер үйі, балалар үйі және тағы басқа медициналық-әлеуметтік нысандардың пациенттеріне баруға рұқсат етіледі. Ол үшін вакцинаның екі дозасын алғаны туралы құжат немесе мерзімі үш тәуліктен аспаған теріс нәтижелі ПТР-анықтама көрсетуі керек.

Бұл жаңалықты естіген қарттар үйінің тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Ақтөбедегі әлеуметтік нысанда 200-дей қария бар. Олар көптен бері туыстарымен көріспеген, тек ұялы телефон  арқылы сөйлесіп, хат алмасып отырыпты.

Асланбек Шүйіншәлиев, Ақтөбе облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

Қай интернатта болмасын, барлықтарында ұялы байланыс телефондары бар. Ватсаппен, басқасымен, бір-бірімен тілдесіп отыр. Әр интернатта арнайы бөлмелері бар, келіп тұруларына байланысты. Жеңілдету болса, әрине, енді туысқандарымен бірлесіп, көрісуіне, келуіне мүмкіндік болады.

Түнгі клубтар да енді есігін ішінен құлыптамай, жасырын жұмыс істеуін қояды. 20-қазаннан бастап жеңілдейтін карантинде оларға министрліктің қойған шарты бар. «Жасыл» аймақтағылар келушілер санын 100-ден, ал «қызылдағылар» 50-ден асырмауы тиіс.

Қатаң шектеу шаралары кезінде түнгі клубтар карантинді пысырмағаны есімізде. Мониторинг топтар жұмыстарына тосқауыл болғанымен, олар қонақтарын қабылдауды тоқтатқан жоқ.

Ashyq жобасына қатысатын бизнес нысандар жұмысын ұзағырақ істейтін болды. Жоба міндеттерін адал атқаратын «жасыл» аймақтағылар таңғы беске дейін, «сары» аймақтағылар түнгі үшке дейін істейді.   

Карантиннің жеңілдеуі үкіметтегілер үшін бүгіннен басталып кеткендей. Бұған дейінгі отырыстарға тек премьер-министр орынбасарларымен қатысатын, ал бүгін Үкімет үйінің дөңгелек үстелі басында кейбір министрлердің төбе көрсеткенін көріп қалдық. Күлтөбенің басында мәселені талқылайтын шенеуніктердің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін көруге зауқы соқпай жүрген сыңайлы. Орталық мемлекеттік органдардың есігі  журналистерге әлі тарс жабық.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде