Ақтөбеде суицид жасап өлген қыздың ата-анасы өз күдігін айтты
Ойыннан от шықты ма? Ақтөбеде биіктен секіріп қайтыс болған оқушының ата-анасы виртуалды ойынның кесірі тиді ме деп күдіктенеді. 13 жасар қыздың жұмбақ өлімін қазір полиция департаменті тексеріп жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
20.10.2021
Жасөспірімнің ұялы телефоны мен күнделік жазбаларын тергеушілер алып кеткен. Осы қайғылы оқиғаға байланысты тергеу қортындысын білім министрлігіндегілер де күтіп отыр.
Оқушы қыздың жиырмасыншы қабаттан секірген сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Оның мұндай қадамға неге барғанын қара жамылған ата-анасы түсінбей отыр. Тұрмысы жақсы, тату-тәтті отбасында дау-жанжал болмаған. Сондықтан марқұмның әкесі виртуалды ойынның кесірі тиді ме деген күдігі барын жасырмады.
- Амане ап дей ма, сондай суреттері бар. Сондай салған, ,аман клаб, деген. Телефоныын тергеушілер алып кетті, соны қараймыз деп. Бұғатын ашамыз деген. Соны аша алмай жатыр ма, білмеймін. Өзімізге де жұмбақ болып тұр.
Қазір тәртіп сақшылары оқушының ұялы телефонындағы ойын түрлері мен өзге де жазбаларды тексеріп жатыр. Марқұмның салған анимация суреттері мен жазбаларын да сараптамаға алған.
Сарқұлов, Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Осы қайғылы оқиғаның себептері анықталуда және ҚР ҚК 105-бабы, 3- тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Қоғамда виртуалды Among us және «Кальмар» ойындары қауіпті екені йтылып жүр. Білім министрлігіндегілер ондағы жас мөлшеріне қатысты шектеуге көңіл бөлу керектігін айтады.
Шолпан Каринова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
- Фильмде белгілі бір шектеулер бар, ол 18 жастан асқан ересектерге арналған. Сондықтан ең алдымен ата-аналар осы фактіге назар аударуы қажет. Екіншіден, ата-аналар да, мектеп те тәрбиелік шара аясында балаларға пайдалы ақпаратты теріс ақпараттан ажырату дағдысын үйретуі керек. Мектептерде де осы мәселеге назар аударған жөн.
Қатар тұрған 25 қабатты үш үй Ақтөбедегі ең биік ғимарат. Айналдырған бір жылда төрт адам осында биіктен секіріп қайтыс болған. Сондықтан тұрғындар балкондарды бітеп, қауіпсіздік шарасын күшейтуді сұрап отыр.
Үй күзетшісі мұнда кіріп-шықанның бәрін бақылап үлгермейді. Ал подъездегі балконды қоршауға өрт сөндірушілер тыйым салған.
Бақытгүл Алғалиева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Суицид жасамақ болғандардың бәрі осында келеді. Жақында сырттан кіріп подъездің балконынан секірмекші болған екі адамды құтқарып қалдық. Жерге құлап өлген адамды көріп бала тұрмақ, ересек – біз шошып отырамыз. Суицидтің алдын алу үшін біздің үйлердің балкондарын қоршауға рұқсат берсін.
Суицид жиі көп болатын үйдің балконына қатысты арызды құзырлы органдар қарайды. Ал киберқылмыскерлердің құрығына түспес үшін балаларды виртуалды ойындарға көп жолатпаған жөн дейді мамандар. Оқушының күн сайын ұялы телефонын тексеріп отыру да артық етпейді деп кеңес береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!