Балдызын бес рет пышақтаған жезде бостандықта жүр – Шамалған
Алматы облысында балдызына бес рет пышақ сілтеген жезде әлі бостандықта жүр. Осылай шағымданған 19 жастағы Ақнұр Әшілбай қылмыстық істің әділ жүруін сұрайды. Оның айтуынша, тамыз айында Түркістаннан қыдырып келген ол жездесі әпкесін соққыға жығып жатқан сәтінде араша түспек болған.
Автор: Мақсат Мәлік
20.10.2021
Алайда ашуға мінген жезде балдызын бес жерден пышақтап тастаған. Екі күннен соң әрең есін жиып аман қалған қыз полицейлердің сылбырлығына наразы. Өйткені арада екі ай өтсе де, жездесі әлі қамауға алынбапты. Бір өлімнен қалған бойжеткеннің жанайқайын КТК тілшісі тарқатады.
Сол күнді қорқынышпен еске алған Ақнұр Әшілбай жаздың соңғы айында Түркістаннан Алматыға қыдырып келгенін айтады. Әсем қаланы туысқан әпкесімен армансыз аралаған бойжеткен тамыздың 16-да кешкілік Шамалған ауылындағы жездесінің үйіне барыпты. Алайда қабағы қатулы отағасы әпкесіне жұдырық ала жүгіріп соққыға жығыпты. Екеуін ажыратуға тырысқан бойжеткен «әпкеме жаным ашып араша түстім» дейді. Бірақ жездесі екі ортада оны өлтірем деп қорқытып, бес жерден пышақтапты.
Ақнұр Әшілбай:
- «Сені өлтірем» деп бастады. «Сені қырам, үйге кетіп қалсаң да, әке-шешеңмен қырып тастаймын» деп айтты.Арқамнан екі рет пышақ сұғып тастады. Және де сол кезде әпшем келіп сол пышақты алып жатқан кезде бетімді тіліп кетті. Содан кейін көкірек тұсыма пышақ сұқты. Ол – үшінші, бетімдегі – төртінші. Одан кейін мына жерге, қолыма сұғып кіріп кетті.
Қатты қансыраған Ақнұр Қаскелеңдегі ауруханада екі күннен соң есін жинапты. Он бес күн ем қабылдаған бойжеткенге ота да жасалған. Денесі пышақ ізінен қалған тыртықтан көрінбейтін оның ішкі ағзалары да зақымданған екен.
Ақнұр Әшілбай:
- Әлі де жағдайым онша емес. Барлық жерім ауырады. Барлық жерімде тыртық бар.
Ал туысқан сіңлісі күйеуінің қолынан мерт бола жаздағанын ойласа, түн ұйқысы төрт бөлінетін Жанар Серікбаева қанды оқиғаға әлі сене алар емес. Жантүршігетін жағдайдан кейін жолдасынан бөлек тұратын келіншек тоғыз жыл бойы қол көтерген күйеуінің бұл жолғы әрекетін кешіргісі жоқ.
Жанар Серікбаева:
- Кешірілетін дүние емес. Мен осы уақытқа дейін кешірдім, оның маған бар істегенін. Бірақ менің туысқан сіңіліме істегені кешіретін дүние емес. Өз туысқандарым арасында да мені қарабет қылды.
Ең сорақысы, «ешкім кешірім сұрап келмеді» деген жәбірленуші полицияның селқостығына да қапалы. Өйткені күдікті «екі айдан бері бостандықта жүр» деген ол ешбір шара қолданбағанын айтады. Тергеушілер жауап алмақ тұрмақ, телефон тұтқасын көтермейтін көрінеді. Алайда балдызына пышақ сілтеген Марат Есжанов әңгімені өзінше өрбітеді. Оның айтуынша, үнемі екі ортаға түсетін қайын жұрты осындай жағдайға жеткізіпті. Сол түні әйеліне қол жұмсағанын жасырмаған жігіт соңында жары мен балдызы өзін қосылып сабағанын айтады. «Ашу үстінде не істеп, не қойғанымды білмедім» деген ол «полицияға өз аяғыммен бардым» дейді.
Марат Есжанов:
- Ақнұр менің шашымнан тартып, бетімнен тырнап итеріп жіберген кезінде артымда ас үйде пышақ жатқан. Сол пышаққа келіп сүрініп құладым да, сол қолыма пышақ түсіп қалды. «Қоясыңдар ма, қойсай, Ақнұр» деп былай істеген кезімде, сол кезде пышақ кіріп кетті.
- Сіз бес рет пышақ сілтепсіз.
- Бес рет сілтеген емеспін. Өтірік. Ол өтірік әңгіме.
Марат Есжанов кешірім сұрауға қанша талпынса да, қайын жұрты қабыл алмағанын айтады. «Болған іске өкінемін» деген ол қазір үй қамақтамын дейді. Себебі, аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Ақбота Қуанышбекқызы, Алматы облысы ПД ресми өкілі:
- Бұл фактімен ҚР ҚК 106-бабы, яғни денсаулыққа қасақана ауыр дене жарақатын келтіру бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіні полицейлер сол күні ұстап уақытша ұстау изоляторына қамады. 18-тамыз күні тергеу сотының шешімімен бұлтартпау шарасы үй қамағына ауыстырылған.
Алайда түрлі заңсыздықты тізбелеген адвокат полиция дерегімен келіспейміз дейді. Оның айтуынша, қылмыстық іс «адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қозғалуға тиіс. Сонда ғана әділдік орнайды деген жәбірленуші тарап екі ай бойы бір орыннан жылжымаған іс соңында құрдымға кете ме деп қауіптенеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!