Нью-Йорк соты Мұхтар Әблязов пен Ілияс Храпуновқа санкция салды
Американың Нью-Йорк қаласындағы соты Мұхтар Әблязов пен Ілияс Храпуновқа санкция салды. Бұған қашқындардың бұрынғы «БТА банк» пен Алматы әкімдігінің талап-арызымен басталған сот талқылауы заңға қайшы әрекет жасаулары себеп болған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
20.10.2021
Алмат Мадалиев, ҚР Әділет вице-министрі:
- Соттың алдында сөз сөйлеген кезде Ілияс Храпуновтың әрекеттері сотқа ұнамай, оны жағымсыз ретте сипаттап, осындай санкция жариялап отыр. Болмаса, Мұхтар Әблязов туралы айтатын болсақ, оның айтқан сөзі бойынша, қарамағында 20 миллиардтан астам ақша бар. Бірақ ол ақшаны кім, қайда басқарып отырғанын, ештеңені есіне түсіре алмай, сот алдында өзін жағымсыз көрсеткендіктен, сот шешімімен бұл кісілер ҚР атынан шығарылған шығындарды өтеуге міндетті.
Әділет министрлігі қашқын олигархтардың бұрынғы «БТА банк» пен Алматы қаласының бюджетінен ұрлаған қаржыны Нью-Йорктегі зәулім тұрғын-үй кешенінің құрылысына құйғанын жылдар бойы дәлелдеумен келеді. Осыған байланысты ведомство Нью-Йорк сотына жүгінген болатын. Сот ақыры бұл істі қарайтын болып 2022 жылдың ақпанына белгіленген. Осы процеске дайындық кезінде айыпталушылардың айғақтарды жасырып әдейі жойғаны анықталды.
Олар жалған куәлік беріп сот бұйрығын бұзыпты. Сондықтан сот Мұхтар Әблязовқа 140 мың доллар көлемінде айыппұл салды. Ал Ілияс Храпуновқа тағылған сома жақын арада белгілі болады. Олар айыппұлды үш ай ішінде төлеуге міндетті. Төлемеген жағдайда тағы да санкцияға ілінуі мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!