Кіші Байсерке жұрты газ дауын шеше алмай жаға жыртысты
Ортақ келісімге келе алмай, тұрғындар екіге бөлінді. Алматы облысы, Кіші Байсерке ауылының жұрты газға қатысты дауды шеше алмай жүр. Бірі осыған дейін газ тартуды бастаған компанияны жақтаса, екінші жақ мембағдарламамен газ жүргізілгенін қалаймыз дейді.
Автор: Асқарбек Қазанғап
20.10.2021
Әкімдік бұл істі әу баста қолға алған компания техникалық талапқа сай болмай, жұмысын тоқтатқанын алға тартады. Тіпті кеше қаққан қазық пен құбырын алып кетуге келген. Бірақ ақшасын өткізген тұрғындардың бір бөлігі қарсы тұрған.
Талғар ауданындағы Кіші Байсерке мен Достық ауылы қоңсылас. Осыдан үш жыл бұрын мұндағы тұрғындардың бір бөлігі жеке компанияға орташа 350 мың теңгеден ақша жинап өткізген. Құбыр тарту бастала сала, жұмыс орта жолдан тоқтаған.
Айнұр Ергебаева, Кіші Байсерке ауылының тұрғыны:
- Біз бұл мердігерді барып қоқыстан тауып алған жоқпыз. Мінеки, құжат, мінеки, соның қолы. Бүкіл техникалық құжаты сәйкес. Біз әкімінің сөзіне сеніп, Гүлдала ауылының әкімі бізге кепілгер болғаннан кейін барып қана шартқа отырдық.
Ауылды алаңдатқан бір мәселе болғанмен, тұрғындар пікірі екіге жарылып тұр. Жұрттың бір бөлігі жеке компанияның қызметі қажет емес, мемлекеттік бағдарламаны күтеміз деп көрпені өзіне қарай тартады.
Жұмабике Оқасова, Кіші Байсерке ауылының тұрғыны:
- Қорқамыз, өйткені біздің қасымыздағы ауылда сондай бір кісі ақша жинап алып, ешқандай құбыр әкелмей қашып кеткен. Сондықтан біз одан қорқамыз, бас тартамыз. 2019 жылы да бас тарттық, бізді мемлекеттік бағдарламасына газға қосты.
Бір-бірінің сөзін тыңдамай қайта-қайта бөле бергендіктен, әңгімеден гөрі айқай басым болды. Газдан басталған араздық тіпті жағаға жармасуға дейін ұласты.
Ерегіскен әйелдерді, әйтеуір екі жақтың еркектері ажыратты. Екі арада Қайнар ауылы округінің әкімі жағдайды түсіндіруге жетті. Айтуынша бұрынғы компания жұрттан жинаған ақшасын қайтарған соң ғана құбырын алып кете алады.
Нұрболат Манапбаев, Қайнар ауылы округінің әкімі:
- Кеше біз құбырларды алуға тыйым салдық. Өйткені орындауы тиіс міндеттері бар. Негізінен инвестор келгенде алдымен құбыр тартып, сосын бірақ ақша жинауы тиіс. Бұл жағдайда олай болмаған. Тұрғындармен кездесу өткіздік. Осы мәселені бақылауда ұстаймыз.
Алматы облысы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жобалық-смета құжаты бюджет қаржысынан дайындалып жатыр. Яғни бұл жақтағы жұмысты байқауда жеңімпаз болған басқа компания жалғастырады.
Бір-бірімен текетірескен тұрғындардың пікірі ақыры бір арнада тоғыспады. Бір жақ – бұрынғы компания жұмысын аяқтауын талап етсе, екінші жақ –мемлекеттік бағдарламамен газ жүргізілсін деген талабынан танбады. Қалай дегенмен жұртшылықтың мембағдарламаны күтуден басқа амалы жоқ. Бірақ ол жұмыстың қашан басталып, қашан аяқталатыны әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!