Павлодар облысында дәрігерлер үй-үйді аралауға көшті
«Вакцина алатындарды күтуден шаршадық!» Павлодар облысында санитар-дәрігерлер жылжымалы медициналық кешенмен әр ауладан вакцина салдырмаған тұрғындарды өздері іздеуге көшті. Енді өңір халқы екпе егу пунктіне сабылмай, үйінен шыға салып вирусқа қарсы екпе салдыра алады.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
20.10.2021
Ерғалы Асылбек, Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:
- Стационарлық ем алып жатқандар – 1206, ағымдағы жағдай бойынша төсек-орындардың инфекциялық жүктемесі 55%-ды құрады. Жансақтау бөліміндегі төсек-орындарда 84 адамның жағдайы ауыр. 15 адам өкпенің жасанды желдету аппаратына қосылған. Жүкті әйелдерден 51 адам емделуде.
Павлодар облысында вакциналау қарқыны өте төмен. Соның салдарынан Керекуде кесел кеулеп, аталған өңір үш айдан бері «қызыл» аймақтың құрсауынан шыға алмай отыр.
Жалпы елімізде қауіптің ең жоғары деңгейінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, Қостанай, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Ал, «сары» аймаққа Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстары енсе, қалған өңірлер «жасыл» аймақта. Қазақстанда дерт жұқтырғандар кешелі бері 1700-ге жуық адамға толықса, 18 науқас аурудан ажал құшқан. Қос өкпесі қабынғандар соңғы тәулікте 154 адамға артқан. Республика бойынша эпидахуалы едәуір жақсарып «жасылға» ойысқан әзірге жалғыз аймақ – Батыс Қазақстан облысы.
Арман Қалибеков, БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Аймақта аурудың таралу деңгейі соңғы екі аптада 18,4% төмендеді. Бірақ бұл босаңсуға болады деген сөз емес. Дертке шалдығып ауруханаға түсіп жатқан жандар әлі де бар. Инфекциялық стационарда емделіп жатқандардың көбісі созылмалы ауруы бар науқастар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!