Тоқаев: Өзіміз еркелетіп алдық, жемқорлық барын да мойындау керек
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылық өнімдерін субсидиялау азық түлік бағасына тұсау болмай тұрғанын мойындады. Мемлекет басшысы бұған шаруа мен диқандардың ашкөздігі және қаржы бөлудегі жемқорлық себеп дейді.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
20.10.2021
Қасым Жомарт Тоқаев бүгін жұмыс сапарымен Қарағанды облысында болды. Ол Жәйрем кен байыту комбинаты жанындағы полиметалды фабрикасын ашты. Жаңа өндірісте 400 адамға жұмыс табылады. Кейін Жезқазғандағы дарынды балаларға арналған «Өркен» мектеп интернатынынң тіршілігімен танысты. Жас дарындарға өсиетін айтып, ұстаздармен де тілдескен. Одан кейінгі бас қосуда мемлекет басшысы елдегі азық түлік бағасының тұрықсыздығына тоқталды. Айтуынша, мемлекет ауылшаруашылық өнімдеріне жеткілікті, тіпті артық көлемде субсидия бөліп отыр. Азық түлік импорты да бар. Соған қарамастан бағаның өсуі тоқтайтын емес. Сондықтан бұл мәселеге жүйелі түрде тоқталып, осы бағытты қатаң бақылауға алу қажет деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Басқа елдер субсидияның не екенін білмейді. Субсидия барларының өзінде біздің деңгейде емес. Біз кей жерлерде елді өзіміз еркелетіп алдық, кей жерде жемқорлықтың да болып жатқанын мойындау қажет. Сондықтан осы мәселемен тыңғылықты айналысуымыз керек. Бұл бағытта үкімет пен ауыл шаруашылығы министрілігіне нақты тапсырмалар бердім.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!