Қуат Хамит түскен «Портье» фильмі жарыққа шықты
Файтер Қуат Хамитов пен блогер Айжан Байзақовамен түскен алғашқы кино. «Портье» атты туынды қонақүйге жүк тасушы болып орналасқан сценаристің басынан кешірген сан түрлі оқиғасы жайлы сыр шертеді.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
21.10.2021
Отандық комедияның дәм-тұзын келтірген әлеуметтік желіде танымал жекпе-жек шебері, әлеужеліде атышулы арудан бөлек, Дәурен Серғазин, Жан Байжанбаев та бар. Фильмнің тұсаукесерінің алдында актерлермен КТК тілшісі тілдесіп қайтты.
Қызыққа толы комедияның тұсаукесерін көптің алдында жүрген танымал актерлер мен актрисалар, әлеуметтік желідегі биші мен әншілер абыр-сабыр болып жиналып тағатсыздана күтуде. Бірі суретке түсіп жүрсе, екіншілері тек сырттай бақылап тұр. Ал туындыға 100 мың доллар қаражат жұмсаған түсіру тобы фильмнің ерекшеліктерін тізіп өтті.
Тимур Бақтыбаев, продюсер:
- Бұндай стильде Қазақстанда бұрын-соңды кино болмаған. Бізде көбінде қандай кино түсіреді? Той, махаббат, келін туралы немесе үйге қатысты түсіреді. Ал біздіңи кинода ондай тақырып жоқ. Голливудтық стильде.
Фильм небәрі 14 күнде түсірілген. Ал көрерменнің көзайымы болып жүрген Жан Байжанбаев пен Дәурен Сергазинге ерекше сценариі қатты ұнап, ұсынысты бірден қабыл алған. Ерекшелігі – бір ғана локацияда, қонақ үйде ғана түсірілген. Қуана келісіп басты рөлдің бірін сомдаған файтер Хамитов жақсы сюжеттер болса, киноға тағы түсетінін айтты.
Қуат Хамитов, актер:
- Кемшілігін таба алмадым. Кино көңілімнен шықты. Бұндай кино Қазақстанда шықпаған шығар. Менің ойымша, Голливудтан кем емес. Енді бұл кино Қазақстанда өз орнын табады деген ойдамын. Егер бір жақсы, жастарды тәрбиелейтін, жастарды жақсылыққа шақыратын рөлдер, кино болып жатса, міндетті түрде түсуге тырысамын.
Қонақүйге келетін қонақтар мен қызметкерлердің өмірі туралы толық ақпарат алу үшін портье болып орналасқан сценаристің күтпеген тіршілігі көрерменді қызықтырады. Отбасындағы текетірес пен жастардың кемшілігін көрсететін көбіне импровизациямен шыққан еліміздегі жалғыз туынды. «Любовь на миллион», «Папа поневоле» атты заманауи туындыларды жарыққа шығарған режиссер Олжас Ибраев бұл фильмді өз қолына алған.
Олжас Ибраев, режиссер:
- Әр шығармашылық адам қараған кезде өзіне түртіп алатын нәрсесі болады деп ойлаймын. Бір жағынан, істі бастасаң – қайтпа, алдыға, тек істе. Алдыңа мақсат қой, соған жет. Екіншіден, жанағыдай дүние.Мысалға, қазіргі жастар есірткіге, ішімдікке жақын.
Бір сарынды фильмдерден жалықсаңыз, өзекті әрі санаға әсер ететін туындыны көруге асығыңыз. Киноның соңы немен аяқталатынын білгіңіз келсе, жаңа комедияны бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көре аласыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!