Жайық мәселесімен Қазақстан мен Ресей мамандары айналысып жатыр
Экология министрі батыстағы Жайықтың жайына қатысты түсініктеме берді. Көлемі үш есеге дейін азайған өзеннің проблемасымен қазір Қазақстан мен Ресей мамандары айналысып жатыр екен.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
21.10.2021
Бұған дейін министрлік өзен суының тартылуына желдің бағытын кінәлаған болатын.
Серікқали Бірекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Жағдай шынымен күрделі. Мәселе үнемі бақылауда. Бәрін бірден шешу оңай емес. Су мөлшерінің азаюына әсер ететін факторлар көп. Біздің мамандар ресейлік мамандармен бірігіп жұмыс істеп жатыр. Жайықтың тартылуына қатысты жақын арада ортақ шешімге келеміз деп ойлаймын.
Соңғы бес жылда Жайық суының деңгейі 60 пайызға төмендеп кеткен. Өзен маңындағы ауылдарда су тапшы. Тіпті өзеннің ортасында кіші аралдар пайда бола бастаған.
Атыраулық белсенділер Жайықтың жайын айтып дабыл қағып келеді. Олар Қазақстан билігі тезірек Ресеймен келіссөзге келмесе, жер сипап қаламыз деп мәлімдеген. Яғни екі елдің мемлекетаралық келісімінде көрсетілген өзенді қорғау жөнінде шарттар орындалмай отыр екен. Ал еліміздің бас экологі экобелсенділердің болжамын жоққа шығарды. Шенеуніктер өзен суының азаюын ғылыми тұрғыдан қарап көреді. Зерттеу жүргізіп, қаржы бөлу жағын да алдағы уақытта талқылаймыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!