Алматыда Pfizer вакцинасын салдыратындар жарияланды
Алматыда Pfizer вакцинасын салдыратындардың саны белгілі болды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәл қазір қалада америкалық екпе егілетін 262 мың адам бар. Олар Үкімет бекіткен талапқа сай үш топқа бөлінген.
Автор: Мақсат Мәлік
21.10.2021
Нариман Табынбаев, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Бірінші кезеңде 12-18 жас аралығындағы оқушылар. Қазір олардың саны 176 мыңнан асып кетеді. Одан кейінгі кезекте 67 мың бала емізетін әйел бар. Сондай-ақ қаладағы жүкті келіншектердің саны 20 мыңнан асып жығылады. Әзірге үш топқа бөлінген қолымыздағы тізім осындай. Барлығы ерікті түрдегі келісіммен жүргізіледі. Сол себепті қай жерде, қанша адамға вакцина салынатынын дөп басып айта алмаймыз.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, Алматыда 137 екпе пункті бар. Солардың барлығында аталған топқа жататын тұрғындар Pfizer вакцинасын салдыра алады. Мамандарды үйге немесе мектепке шақыруға болады. Алайда оқушыларға вакцина алу үшін ата-аналардың жазбаша түрдегі рұқсаты қажет. Мамандар талапқа сай Pfizer вакцинасын сақтау мәселесі де шешілгенін айтады. Қалада аталған екпе арнайы екі мұздатқышта сақталады. Екі аптадан соң жеткізілетін құрылғы минус 90, минус 60 градуста жұмыс істейді. Осы уақыт аралғында вакцинаны кез келген епке пунктіндегі тоңазытқышта сақтауға мүмкіндік бар.
Соңғы күндері Алматыда коронавирус жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші төмендегенімен, қала әлі «қызыл» аймақта тұр. Жыл басынан бері Алатау бөктерінде 156 мың адам вирустың құрығына іліккен. Әсіресе 20-40 жас аралығындағы адамдар көбірек індет жұқтырыпты. Мамандар ұжымдық иммунитет қалыптаспайынша, сақтық шараларын естен шығармауды ескертеді.
Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының бас санитар дәрігері:
- Халықты жекелей вакциналауға, қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерде бетперде режимін сақтауға адам көп жиналатын ынсандар: түнгі клуб, мейрамхана, кафелерге бармауға, үй жағдайынды бұқаралық шараларды шектеуге шақырамын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!