Ақтауда 15 миллионның жасанды гүл алқабы жайрап жатыр
Ақтауда 15 миллион теңгеге жасалған жасанды гүл алқабы жайрап жатыр. Пластмасса қызғалдақтар қаланың қақ ортасына осыдан он күн бұрын ғана қойылған. Құлап жатқан гүлдерді көрген тұрғындар бұл бюджет ақшасын желге ұшырғанмен тең дейді.
Автор: Айман Нұрмағанбет
25.10.2021
Ал қала әкімдігі қызғалдақтардың өздігінен қирап қалғанына күмән келтіреді. Бұл адам қолымен жасалған қастандық деген пікірде.
Ақтаудың ажарын ашады деген гүл алқабы. Осыдан он күн бұрын орнатылған жасанды қызғалдақтарға көз тиді ме сөз тиді ме? Бүгінде электр сымы ашылып, қызғалдақтары шашылып қалған. Қазір мұнда жөндеу жұмысы қызу жүріп жатыр.
Гүл алқабының арнайы бағдарламасы қондырылып жатқан көрінеді. Жауаптылар әлі толық орнатылмаған гүлдің өздігінен құлауы күмәнді дейді. «Адам қолымен жасалған қастандық болса да таңқалмаймыз» - деп отыр. Ал тұрғындар бұл композицияның «сапасы сын көтермейді» деген пікірде. «Миллондарды жасанды гүлге жұмсағанша, қуаңшылықтан малы қырылған шаруаларға көмек көрсету керек еді», - дейді.
Бердімұрат Төрекенов, Маңғыстау облысының тұрғыны:
- Елдің қызу талқысына түсіп жатқаН СОҢ барып, өз көзімізбен көріп қайттық. Шындығында 15 миллионға тұрмайтын гүл секілді. Менің өз ойым. Ұзақ уақыт сақталатын дүниелер болса, Ақтау қаласы үшін тиімді болып, қаланың көркейгенін біз де қалаймыз. Қай қаражат та қуаңшылыққа арналса дейміз. Соны бір үлкен басшылар есепке алса, қаражатты есепсіз жұмсамаса дейміз.
Ал атқамінерлер жасанды қызғалдақтар түнгі Ақтауды жарықтандыру үшін орнатылғанын айтады. Тіпті гүл алқабы әлі әкімдіктің балансына берілмепті. Мердігер мекемеге де 15 миллион теңге аударылған жоқ дейді шенеуніктер.
Айбек Ербөлеков, Ақтау қаласы тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Қала әкімдігі тарапынан біз оны теңгерімге алған жоқпыз. Жұмыс жүргізілуде. Бүгінде гүлдер алаңында түнгі әсемдік декоративті жарықтандыруға бағдарламасы қондырылуда. Қызғалдақты да, әткеншекті де адамдар өз қолымен сындырып отыр. Вандализм фактілері бар. Ол жаңа қондырылып жатқан жұмыс ақау беруі мүмкін емес.
Әкімдік әлі толық орнатылмаған құрылғыларды «тұрғындар қиратып жатыр» деген пікірде. Тіпті жақында теңіз жағасына орнатылған әткеншекке бір мезетте 10-15 адам міңгескенін де көріпті.
Ақтауда «Жұлдызды аспан инсталляциясы», «Гүлдер алаңы», «Заманауи киіз ішіндегі әткеншек» пен «Теңіз жағасында әткеншек» сынды төрт құрылғыны орнатуға – 43 миллион бөлінген. Бірақ оның барлығы әлі толық қолданысқа берілген жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!