Ұялы байланыс операторларына жаза күшейтіледі
Қазақстандықтарға сапасыз қызмет көрсеткен байланыс операторларына 92 миллион теңге айыппұл салынған. Цифрлық даму министрі «бұл – аз» дейді. Жуырда Бағдат Мусин мәжілісмендерге ұялы байланыс операторларына жазаны 10 есе күшейту ұсынысымен қайта келмек.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
25.10.2021
Ал бүгін Төменгі палата еліміздегі мемлекеттік қызмет алуды жақсарту жайын талқыға салды. Жақын күндері ел тұрғындары халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы қызметтерді онлайн алуға көшпек. Атышулы ресейлік платформаға қатысты туындаған түсінбеушіліктер, eGov-тағы ақаулар, интернеттің бітпейтін мәселесі қандай?
Үкімет сағаты цифрлық даму министрі үшін есте қалатыны сөзсіз. Қазан айының соңғы жұмыс аптасының алғашқы күнін шенеунік бір шыныаяқ кофеден емес, депутаттардың алдында көсілумен бастады. Үш сағаттың ішінде Бағдат Мусин министрліктің бүкіл шаруасынан бөлек, отбасындағы жағдайды да айтып үлгерді. мәжілісмендердің сан сауалына жауап берді, сын да естіп тынды.
Төменгі палатаның дәлізінде цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің көрмесі де ұйымдастырылған екен. Мусин ағынан жарылып, министрлікке келген бір жылдағы жұмысын көрсетті. Депутаттар көрмені тамашалады, ал Парламент аппаратының қызметкерлері бірден жағдайды пайдаланып, электронды цифрлы қолтаңбаны жарыса жасатып жатты.
ЕGov порталына мәжілісмендер бүгін қатты шүйлікті. Мемлекеттік қызметтерді алатын платформа құруға қатысты ресейлік Сбербанкпен Қазақстанның келіскені туралы жаңалықты естіген бұқараның қазір үкіметке өкпесі қара қазандай. Халық сол келісім аясында электронды үкімет көршілердің қолына өтсе, жағдай қиынға соғады деп қорқады. Ал министр ресейлік платформаның мақтауын асырып әлек.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Ол жұмыстарды атқару үшін біз осы күнге дейін миллиардтаған сома лицензиялық бағдарламаларды сатып алған болатынбыз. Біз өзіміз жасаған жоқпыз. Біз лицензияларды сатып алдық. Негізі сатып алу тек бір мәселе. Көбіміз білеміз ғой, негізі сатып алу оңай. Өйткені ақша төлейсің. Болды, алып келеді. Ал оны жасау, құрастыру біздің қолымызда. Қазақстандық мамандар тартылады.
Негізінен, Қазақстан жаңа платформаға көшпесе, болмайтындай. eGov-тің жиі бұзылуынан азаматтарымыз биыл тоғыз айда талай уақытын электронды қызметті күтуге жұмсапты. Әсіресе ішкі істер министрлігінен құжат алу өте қиын екен. eGov-қа қыруар қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, депутаттар проблеманың неден туындап отырғанын түсінбей дал.
Павел Казанцев, Мәжіліс депутаты:
- Қомақты қаржы бөлініп жатыр. Бұл ақша жүйенің үздіксіз жұмыс істеуі үшін жеткіліксіз бе? Иә, ол көп, бірақ ол біздің азаматтарымыз екенін түсінесіз бе? Содан кейін наразылық білдірсе, таң қаламыз. Наразылық көрсетуі – дұрыс, өйткені жеке жүйедегі жағдайлар туралы шағым халыққа қызмет көрсету орталығына түседі, ал мәселе басқада. Әрбір мемлекеттік органға қажет ұсыныстарды жазу керек.
Министр депутат айтқан ақаулардың себебі бірден 400 ақпараттық жүйенің қызмет көрсетуінде деп отыр. Дегенмен ол алдағы уақытта бірыңғай технологияларға ауыстырылады. Сөз арасында мәжілісмендер Қазақстандағы цифрландыру Ресейден әлдеқайда жақсы екенін айтып қалды. Жақсы мақтау естіген көпбалалы Мусин жұмысындағы жетістіктерді отбасымен байланыстырды.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Бүгінде сәби күтіп жүрген адамдарға, мысалы менің жұбайыма... біз сәби күтіп жүрміз, бүкіл хабарландыру sms арқылы келеді. Қай емханаға қашан бару керек деген сынды хабарламаларды онлайн алады. Қазір бәрі қолжетімді.
Қазыбек Иса, Мәжіліс депутаты:
- Жаңа бір жақсы хабар айтып қалдыңыз. Құдай қаласа, сәбилі болып жатсаңыз, тойға шақырыңыз.
Цифрлық даму десек, карантин кезінде қашықтан жұмыс істеген, оқыған қазақстандықтардың интернеттің жоқтығынан қиналғаны ойға оралады. Шалғай ауылдарда проблема оң шешімін әлі де таппай келеді. Бұл тұста 1 178 елдімекеннің 127 мың тұрғыны мобильді интернетке қол жеткізе алмай отыр. Мусин сапасыз қызмет көрсеткен ұялы байланыс операторларына жазаны күшейтеді. Биыл операторлар 92 миллион теңге айыппұл арқалапты.
Бағдат Мусиннің халық қалаулыларын тойына шақырып, не шақырмайтынын біле алмадық. Алайда министр келесі жылдан бастап ақпараттық жүйелерді цифрландыру және қызметтерді автоматтандыру деңгей-деңгеймен бағаланатынын айтып өтті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!