{metadescription}
Алматыда екі ротвейлер алты адамды талап тастады
Алматыда екі ротвейлер алты адамды талап тастады

Алматыда екі ротвейлер алты адамды талап тастады

Алматыда ротвейлер тұқымды екі ит бір күнде алты адамды талап тастады. Қан-жоса болғандардың алды ауруханадан бір-ақ шыққан. Кемел шағын ауданы тұрғындарының айтуынша, үй іргесіндегі жекеменшік компанияның ауласында жүретін екі ит босап кетсе, маңайдағы жұртқа қырғидай тиеді екен.

Тұрғындар қазір балаларын сыртқа жіберуге қорқады. Полицейлер тек әкімшілік айыппұл салумен шектелген. 

Юрий Трудов бес күн бұрын үш жеткіншекті қабаған иттерден әрең ажыратып алған. Алайда таяқтыға бой бермеген төрт  аяқтылар оның өзін оңдырмай талаған. Денесінен түрлі жарақат алған бозбалалар да еңгезердей екі иттің адам өлтіруден тайынбайтынын айтады. Өйткені кешкілік есік алдында алаңсыз отырған сәттерінде тырқыратып қуған қос ит бәрін қан-жоса етіпті.

Владислав Полещук, Кемел шағын ауданының тұрғыны:

- Аулада жай тыныстап отырғанбыз. Екі ит жүгіріп келді де, тарпа бас салды. Шамамыз жеткенше қорғанып көрдік. Бірақ ротвейлер тұқымды иттер бәрімізді оңдырмай тістелей бастады. Киімдеріміздің дал-дұлы шыққаны бір бөлек, жарақат ізі әлі ауырады. Аяғымдағы жарақаттан екі күн бойы жүре алмай қалдым. 

Юрий Трудов, Кемел шағын ауданының тұрғыны:

- Айқайлап көмек сұраған дауыспен қатар иттердің абалап үргенін естідім. Қолыма таяқ ұстап үйден атып шықтым. Аулада екі жігіт пен қызды талап жатыр екен. Қолымдағы затпен ұра бастадым. Сол кезде маған қарай ұмтылды. Артқа шегіншектеп жүріп сүрініп кеткенімде, оң аяғымды қауып алды. 

Бір мезетте итке жем бола жаздаған төрт адам жедел жәрдем шақырып ауруханадан бір-ақ шығыпты. Бәріне  алғашқы көмек көрсетіліп, тіпті құтыру ауруына қарсы екпе салыпты. Тұрғындардың айтуынша, бос жүрген екі ротвейлер күндіз тағы екі адамды қуалап жүріп талаған. Зардап шеккендердің саны одан да көп болуы мүмкін дейді үрейлі жұрт. Қазір бала-шағасына алаңдаған тұрғындар есік алдына шығуға қорқады. 

Сандуғаш Сүтемгенова, Кемел шағын ауданының тұрғыны:

- Үлкен балаларды қапты, жарайды олар қорғана алады. Ал мына балалар ештеңе істей алмайды ғой. Жеп қояды ғой. Мен қазір есік алдына балаларымды шығармаймын, қорқамын. Алып кетсін. Өйткені менің балам ғана емес, өңкей ұсақ-түйек балалар ойнайды ғой. Кішкентай балалардың алаңы. Қорқамыз балаларымыз үшін.

Ал елдің үрейін ұшырған екі ротвейлер үнемі үй іргесіндегі жекеменшік компанияның ауласында жүреді. Қабаған иттер қуыстан қашып шықты ма, әлде әдейі босатып жіберді ме, ол жағы тұрғындарға жұмбақ. Алғашында зардап шеккендерге көмек көрсетіп, өтемақы төлеймін деп сендірген қожайын соңында уәдесінде тұрмапты. Қазір ол кездесуден қашып жүр екен. 

Татьяна Стародубова,  Кемел шағын ауданының тұрғыны:

- Ит қапқан балалардың еміне кететін қаражатты өз мойныма аламын деген. Өзі келіп тұрғындармен сөйлесуге бел буған. Бірақ содан бері төбе көрсетпеді. Қазір сөзімізді тыңдайтын емес, «білгендеріңді істеңдер» деп айқайлады. Иті үшін жауап беру керек қой.

Ашулы қожайын бізге де сұхбат беруден бас тартты. Ал тұрғындар ұжымдық арыз жазғанымызбен, құзырлы органдар «жүрдім-бардым қарайды» деп қынжылады. Өйткені алты адамды талаған иттің иесіне әкімшілік айыппұл ғана салыныпты.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:

- Аталмыш дерек бойынша 1976 жылы туған Б. есімді азаматқа қатысты Әкімшілік кодекстің 408-бабының 2-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, ол жауапкершілікке тартылды. Айыппұл көлемі 10 айлық есеп көрсеткішін құрады.

Қожайынның әкімшілік жазамен шектелгеніне наразы жұрт иттерде ауру бар-жоғы тексерілмегенін айтады. Енді амалы таусылған тұрғындар  іс оң шешілмесе, сотқа жүгінгелі отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде