Түркияның лирасы күн санап құнсызданып барады
Түркияның лирасы күн санап құнсызданып барады. Реджеп Ердоған құқық қорғаушы Осман Кавалдың бостандығын талап еткен батыс мемлекеттерінің Елшілерді елден шығаруы туралы шешім шығарғасын, валюта нарығы бірден құрдымға кеткен сыңайлы.
Автор: Асқарбек Қазанғап
26.10.2021
АҚШ ақшасы түрік валютасына қатысты 37 пайызға қымбаттаған.
Ал теңгеге шаққанда лираның бағамы соңғы екі айда 10 теңгеге, ал жыл басынан 20 теңгеге арзандап кетті. Қазір бір лира 43 теңге 42 тиынға тең. Сарапшылар Түркиядағы саяси тұрақсыздық қазақстандықтардың оң жамбасына келуі мүмкін деп топшылайды. Бірінші кезекте, ол жақта теңіз жағасында демалу әлдеқайда арзанға түсіп, төмен бағамен тауар сатып алуға мүмкіндік болады. Бірақ таяқтың екінші ұшы бар. Біздің базарлардың сөресін түріктің арзан киім-кешегі толтырса, отандық экономика бұл бәсекелестікке шыдамауы да ықтимал.
Арман Бейсенбаев, экономист:
- Бізге тікелей соққы болады деп айтуға келмейді. Жанама әсері сезілуі мүмкін. Өйткені Түркиямен экномикалық қарым-қатынасамыз тығыз байланысқан. Оны ескеруіміз керек. Түркияның өндіріс ауқымы өте үлкен. Ол жақтан бізге экспортталатын тауарлардың бағасы арзандаса, онда отандық кәсіпорындар ол жағдайға бас қатырайын деп тұр. Не дегенмен уақытында көреміз.
Ал қаржы нарығында алтынның құны, керісінше, өсті. Соңғы алты аптада болмаған көрсеткіш Лондонның банк аралық фиксингінде тіркелді. Алтынның бір унциясы 1805 доллар, 25 центке бағаланды. Ал Нью-Йорктегі сауда-саттықта бұл көрсеткіш 1808 долар 6 центке тең.
Қазір Қазақстанда бір грамм алтын орташа 24 715 теңге тұрса, бір унциясы- 768 710 мың теңгенің төңірегінде саудаланады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!