Талғарда 18 жасар жігітті қағып өлтірген жүргізуші ұсталды
Алматы облысында 18 жасар жігітті көлік қағып өлтірді. Жүргізуші жол жиегімен келе жатқан бозбаланы қағып кетіп, оқиға орнынан ізін суытқан. Алайда көп ұзамай 26 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
26.10.2021
Куәгерлердің айтуынша, көлікте жүргізушіден бөлек тағы үш адам болған.
Қайғылы оқиға Талғарда кеше кешкі сағат сегіз жарым шамасында болды. Баланың өлімі бақылау камерасына түсіп қалған. Жүргізуші Менделеев көшесімен батыс бағытқа қарай келе жатып 18 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Алған ауыр жарақаттан жігіт бірден көз жұмған.
Серік Алтынбеков, куәгер:
- Біз кеше кешкісін дүкенге бара жаттық. Арықтың ішінде жерге бетімен қарап жатқан баланы көрдік. Лезде тексеріп қарасақ, тамырын ұстасақ, соқпай тұрды. Бірден 112-ге хабарластық. Олар жедел жәрдемнің нөмірін берді. Дәрігерлер лезде келіп жігіттің өлгенін растады. Артынша полицейлер келді. Олар осы жерді қоршауға алып, өздерінің жұмыстарын бастады.
Куәгерлердің сөзінше, соққының қатты болғаны соншалық, бозбала арыққа қарай ұшып кеткен. Қып-қызыл қан іздері мен дәрігерлер қолданған қолғап та сол жерде жатыр. Сыныптасының айтуынша, өлген жігіт сол маңға жақын тұратынын айтты.
Михаил Довганюк, сыныптасы:
- Өте салмақты, досқа адал болатын. Өте жақсы жігіт болған. Спортпен айналысатын. Барлығы оны тек жақсы жағынан таниды. Басқа айтар сөзім жоқ.
Куәгерлер қылмыс орнына жасырынған жүргізуші жалғыз болмағанын айтады. Көліктен одан бөлек үш адам отырған көрінеді. Ал полиция көп ұзатпай 26 жастағы күдіктіні ұстаған.
Ернар Сайдильдин, Алматы облысы ПД өкілі:
- ҚР ҚК 345-бабы, 3-бөлігі және 347-бабы бойынша Талғар ауданының полициясында тіркелді. Барлық мән-жайы обьективті зерттеуге бағалайтын тергеу іс-әрекеттері жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Марқұмның жақындары қаққан адам полицияда қызмет істеуі мүмкін деп күдіктеніп отыр. Алайда департаменттегілер күдікті еш жерде жұмыс істемейтінін айтып, бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ұлдары қыршын кетіп қайғыдан қан жұтқан отбасы кінәлі адамның заң аясында барынша қатаң жауапқа тартылғанын қалайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!