Қымбатшылықты тоқтату үшін қорларды азық-түлікке толтыру ұсынылды
«Қымбатшылықты тоқтатуға тырысамыз». Ауыл шаруашылық министрі Ербол Қарашөкеев жаңа жыл қарсаңында өңірлердегі тұрақтандыру қорларын азық-түлікпен тағы толтыруды ұсынды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
26.10.2021
Жауапты ведомство басшысының айтуынша, қордағы бұрын сатып алынған өнім көлемі таусылса, тоқтаусыз өскен бағаны ауыздықтау қиындай түседі.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Біз тұрақтандыру қорларына әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті тағы бес айға сатып алуды ұсынып отырмыз. Баға күрт өскенде осы өнімді халыққа қолжетімді бағамен ұсынуға болады. Біз барлық өңірлерлерге нақты қандай өнім және қанша көлемде қажет екенін айттық. Тауар өндірушілердің тізімін бердік. Олар бізге ішкі нарықты қамтуға жеткілікті өнім беруге дайын. Қазір осындай жұмыс атқарылып жатыр.
Ең қажетті һәм халық жиі тұтынатын азық-түліктің құны жыл басынан бері 9,6 пайызға өскен. Бағаның төмендеуі ешбір өңірде байқалмайды. Әсіресе көкөністің құны шарықтап барады. Мәселен, сәбіздің бағасы қаңтар айынан бері 40,7 пайызға, қырыққабат 25,7, картоп 21,2, пияз 19,5, күнбағыс майы 29,4, қант 13 пайызға көтерілген.
Сенатор Ақылбек Күрішбаев өңірлердегі тұрақтандыру қорының жұмысын сынға алды. Сенат депутаты мұндай қорлардың мемлекетке құр шығын әкелгеннен басқа пайдасы жоқ деген пікірде. Сондықтан ол құр статистикаға сенбей, қордағы азық-түлік көлемін нақты тексеру керек деп отыр. Ал нарықтағы бағаны бірқалыпты ұстап тұру үшін өзге амал қарастырған жөн дейді.
Ақылбек Күрішбаев, Сенат депутаты:
- Күзде азық-түлік қымбаттады деген ешқашан болған емес. Үкімет қазір қарқынды жұмыс істеу керек. Статистикаға қарасаң, 16 миллион тонна астық жинадық дейді. Мен бұған күмәнмен қараймын. Ондай көлемде астық жинау мүмкін емес. Сол сияқты азық-түлік қорында нақты қандай және қанша тауар қалғанын тексеру керек. Құр санға сенбеу керек. Әкімдер артық сұрақ болмас үшін өтірік есеп бере салады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!